"Ерігіп жүрген ешкім жоқ": Атырауда тақырға отырған ата-аналар шу шығарды

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 05.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 5 қаңтар – Sputnik. Атырауда балаларының білімін жетілдіруге миллиондаған қаржысын салып тақырға отырған ата-аналар шу шығарды. Олар "Мегамозг" деп аталатын оқу орталығына жүз мыңнан төрт жүз мың теңгеге дейін ақша төлеген. Алайда жаңа оқу жылында сабақ басталып, бірер айдан кейін бұл орталық жабылып қалған, деп хабарлады КТК.
Тіпті кейбірінің баласы қосымша сабаққа барып та үлгермеген. Әлеуметтік желіде жарнамасы жер жарған білім беру орталығы 200-ге жуық атыраулықтан шамамен 60 миллион теңгеге жуық ақша жинап алған көрінеді.
Ата-аналардың айтуынша, баласын өткен оқу жылы басталарда "Мегамозг" даярлық курсына жазған. Бірі 100 мыңнан, бірі тіпті, 400 мың теңгеден астам ақша төлепті. Қыркүйек айында оқу басталған. Бірақ балалардың үлгеріміне қатысты ата-аналардан шағым түсе бастағанда орталық аяқ астынан уақытша жабылған. Әне-міне ашылады деп алдап жүріп, кейін ұшты-күйлі жоғалыпты.
"Менің балам бір күн де барған жоқ. Желтоқсанда сабаққа барады деп айтты. Одан кейін парта ауыстырып жатыр деді, тағы хабарлама келді. Махмудова Дильназ дегенге ақша аудардық. Ол бухгалтер болып шықты. Білмеймін, шын ба, өтірік пе? Барлығы алаяқ болып шықты", - дейді Атырау тұрғыны Эльвира Ізбасарова.
Ал Райгүл Хасанова есімді тұрғынның айтуынша, бұл орталыққа барған балалардың үлгерімі нашарлап кеткен.
"Мегамозг" оқу орталығын ата-аналар әлеуметтік желідегі жарнамасы арқылы білген. Оқу жылының ақысын толық төлейтіндерге тіпті жеңілдік те жасалыпты. Одан бөлек, әр баланы мекенжайымен апарып-әкелуге, ыстық тамақпен қамтуға да уәде етіпті. Сөйтіп 200-ге жуық атыраулық ата-ана алдын ала ақысын аударып тастаған. Бұл шамамен 60 миллион теңгеден асады дейді шағымданушылар.
"Артымызда тұрғанның барлығы көпбалалы ана, біреуі үш балаға төлеген, біреуі төрт балаға төлеген. Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Бәрі де кредит алып, ақшасын төлеп отыр ғой", - дейді Атырау тұрғыны Жаңылсын Қожабергенова.
Оқу орталығының ғимаратындағы маңдайша да алынған. Кіріп-шығып жүргендер оған еш қатысымыз жоқ деп, жауап беруден басын алып қашты. Ал құзырлы органдар 35 ата-анадан ғана арыз түсті дейді.
"Атырау прокуратурасына арыз түсті. Аталған фактіде алаяқтық қылмыс болуына байланысты ҚК 190-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағымен алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазір сотқа дейін тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта процестік шешім қабылданады", - деп түсіндірді Атырау прокуратурасының бөлім прокуроры Берік Жамбай.
"Мегамозг" оқу орталығының басшыларымен байланыс жасау мүмкін болмады. Алайда әлеуметтік желідегі парақшаларында директор ата-аналарға арнап жазба қалдырған. Онда ата-аналардың шағымына байланысты оқушыларды демалысқа жібердік депті. Сондықтан желтоқсан айының оқу ақысын кері қайтарып бермекші екен. Тіпті білім сапасын жақсарту үшін Алматы, Ақтөбе, Орал қалаларынан білікті мамандар шақырып жатқанын жазған.
Жаңалықтар
0