Зейнетақы мен жәрдемақы көбейді

© Sputnik / Абзал КалиевТеңге, ақша
Теңге, ақша - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.01.2023
Жазылу
АЛМАТЫ, 4 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрінің мөлшері өсті, деп хабарлады еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Қазақстанда 4,4 млн адам зейнетақы мен жәрдемақы алады. Олардың төлемақы мөлшерін ұлғайту үшін республикалық бюджеттен 4,6 трлн теңге қарастырылған.
Бюджеттен төленетін зейнетақы төлемдерінің ең төменгі мөлшері 68,2 мың теңгеден 77,4 мың теңгеге дейін өсті. 2,2 миллион зейнеткердің барлығының зейнетақысы көтерілді.
Мүгедектік және асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін жәрдемақының мөлшері де артты.
Сондай-ақ әйелдерге бала тууға байланысты төленетін мемлекеттік қолдаудың мөлшері өсті: бірінші, екінші және үшінші балаға 38 АЕК немесе 131 100 теңге (2022 жылы – 120 840 теңге), төртінші және одан да көп балаға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге (2022 жылы – 200 340 теңге) төленеді.
Республикалық бюджеттен жұмыс істемейтін ата-аналарға бала күтімі бойынша жәрдемақы тағайындалады, оның мөлшері биылдан бастап 8,5%-ға өсті.
Жұмыс істейтін ата-аналар бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан алады. 2023 жылдан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды.
Мүгедектігі бар балаларды қолдау үшін кәмелетке толғанға дейін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Оның мөлшері 2023 жылы 56 794 теңгені (бұрын 52 345 теңге) құрайды.
Жаңа жылдан бастап көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақы мөлшері де өсті: 4 баласы бар отбасыларға ай сайын 55 304 теңге (бұрын 50 976 теңге), 5 балаға – 69 138 теңге (бұрын 63 728 теңге), 6 балаға – 82 973 теңге (бұрын 76 479 теңге), 7 балаға – 96 807 теңге (бұрын 89 231 теңге), 8 және одан көп бала болса әр балаға – 13 800 теңгеден (бұрын 12 720 теңге) беріледі.
Жаңалықтар
0