Қоғам

2023 жылы әлеуметтік төлемдердің мөлшері қалай өзгереді

© Sputnik / Абзал КалиевТенге, монеты
Тенге, монеты - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 2 қаңтар - Sputnik. 2023 жылдан бастап Қазақстанда зейнетақы, жәрдемақы және тағы басқа әлеуметтік төлемдердің мөлшері артады. Ал кейбір төлемнің мерзімі ұзарады.

Бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы

Бала туғанда берілетін біржолғы мемлекеттік жәрдемақы бюджет есебінен жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін әйелдерге төленеді. 2023 жылы айлық есептіш көрсеткіштің өсуіне байланысты төлемдердің мөлшері артады. Олар:
бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 131 100 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 217 350 теңге.
Ал отбасында егіз, үшем, төртем дүниеге келсе, біржолғы мемлекеттік жәрдемақы әр сәбиге жеке төленеді.

Бала күтіміне байланысты ай сайынғы жәрдемақы

Бүгінде осы жәрдемақы екі жерден – бюджеттен және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленеді. Қорға жарна аудармаған адамдар айлық есептік көрсеткішпен бекітілген төлемдерді алады. Олар да біршама өседі:
бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңге;
екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 494 теңге;
үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 082 теңге;
төртінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК немесе 30 705 теңге.
Ал декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек. Оны мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан аударып отырады. Ол төлемді есептеудің формуласы бар. Атап айтқанда, алдымен соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтеді. Одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек. Сонда соңғы екі жылдағы орташа жалақының 40 проценті бала күтімі төленеді. Мәселен, соңғы екі жылда орташа жалақы 120 мың теңге болса, онда 48 мың теңге көлемінде ай сайынғы төлем тағайындалады. Бірақ одан тағы зейнетақы жарнасы ұсталады. Сонда қолға 43 200 теңге түседі.
2023 жылы бюджеттен де, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да бала күтімі бойынша берілетін төлемдердің мерзімі бір жарым жылға дейін ұзартылады. Оған қоса, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бала күтімімен отыратын әйелдерге орташа айлық табысының 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналарын субсидиялауды да жоспарлап отыр.

Жұмыссыздарға берілетін төлем

Келесі жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін тағы бір төлемнің мөлшері өседі. Ол – жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем. Қазіргі кезде оның мөлшері орташа жалақының 40 процентін құрайды. Ал 2023 жылдан бастап осы төлемнің көлемі 45 процентке дейін көтеріледі.
Оны тағайындағанда жұмыстан шығып кету себептеріне қарамайды. Бәріне бірдей беріледі. Ең бастысы адам жұмыспен қамту орталығында немесе электронды еңбек биржасы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелуі керек. Сол күннен бастап жұмыс өтіліне қарай бір айдан алты айға дейін төлем алуға болады.
Қордың тәртібіне сәйкес, адамның жұмыс өтілі неғұрлым көп болса, төлемнің мөлшері соғұрлым жоғары болады.

Көпбалалы аналардың жәрдемақысы өседі

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көпбалалы әйелдерге ай сайын берілетін мемлекеттік жәрдемақы артады.
Министрлік оны 7,4 АЕК-ке дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұған дейін 6,4 АЕК (19 603 теңге) болған. Осылайша көпбалалы аналардың ай сайынғы жәрдемақысы 25 530 теңгеге дейін артады.
Бұдан бөлек, 2020 жылдың қаңтарынан кәмелетке толмаған 4 және одан көп немесе күндізгі бөлімде оқитын 23 жасқа дейінгі студент балалары бар отбасылар үшін жаңа мемлекеттік жәрдемақы тағайындалды. Ол отбасының кірісіне қарамастан барлық көпбалалы жанұяға бала санына қарай төленеді.
2023 жылы оның мөлшері:
4 балаға – 16,03 АЕК немесе 53 303 теңге;
5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 972 теңге;
7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
8 және одан көп баласы бар отбасыларға 32,06 АЕК немесе 110 607 теңге және одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК (13 800 теңге) қосылады.

Ең төменгі жалақы мен зейнетақы бекітілді

2023–2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте ең төменгі зейнетақы мен жалақы бекітілген. Олар:
ең төменгі жалақы – 70 000 теңге;
ең төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы – 24 341 теңге;
ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге;
айлық есептік көрсеткіш – 3 450 теңге;
ең төменгі күнкөріс деңгейі – 40 567 теңге.
Жаңалықтар
0