Тоқаев тағы бір маңызды заңға қол қойды

© Photo : Пресс-служба президента КазахстанаАкорда. Виды зимой
Акорда. Виды зимой - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.01.2023
Жазылу
АСТАНА, 1 қаңтар – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Агломерацияларды дамыту туралы" заңға қол қойды, деп хабарлады Ақорда.
Ресми мәліметке сәйкес, соңғы 10 жылда Астана қаласының халқы 59 процентке, Алматыда 37%-ке, Шымкентте 67%-ке өсті. Оған қоса, қалалардың аумағы да едәуір кеңейді. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті.
Ал халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблема тудырып отырғанын атап өтті. Олар – инфрақұрылымның барлық түріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында құрылыстың бейберекет салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы және тағы басқа да мәселелер.
"Агломерацияларды дамыту туралы" заңмен агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізіледі. Аймақтық деңгейде жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді.
Әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысады. Агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.
Заң аясында өңір әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беру көзделіп отыр. Іргелес облыстардың әкімдіктеріне астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қаржыландыратын әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу үшін агломерация аумағында жер учаскелерін резервтеу жөніндегі құзыретті беру көзделеді.
Сонымен қатар, заңда бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылған. Бұдан бөлек, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, бюджеттік процестерді іске асыру саласындағы өкілеттіктері кеңейтіледі.
Агломерация аумағында орнықты инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыру үшін Алматы қаласының әкімдігіне сыртқы қарыз алу құқығын беру жоспарланған. Бір деңгейдегі бюджеттерге өзара іс-қимыл жасасуға рұқсат беріледі.
Жаңалықтар
0