2023 жылы көрерменге жол тартатын отандық фильмдер
08:00 01.01.2023 (жаңартылды: 17:02 10.08.2023)
© PhotoСъемки фильма "Последний приговор" о жизни и деятельности Ахмета Байтурсынова
© Photo
Жазылу
АСТАНА, 1 қаңтар– Sputnik. Кино саласының майталмандары көрермендерін тәнті етуге құмар. Әр жылы өзіндік сипаты бар, ерекше фильмдер шығаруда қазақ режиссерлерінің көші едәуір озып келеді. Оған бір мысал - халықаралық фестивальдерде мәртебесі жоғарылап жүрген фильмдер мен актерлер легі.
Ал 2023 жылы көрерменге жол тартатын отандық жаңа фильмдер туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқи аласыздар.
2019 жылы кино туралы заң қабылданғанға дейін және ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы құрылғанға дейін "Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы қазақстандық кинематографтың жалғыз шығармашылық-өндірістік базасы болды. 2019 жылдан бері киностудия фильм түсіру үшін тікелей мемлекеттен қаржыландырылмай, "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" АҚ өткізетін конкурсқа қатысады. Мәселен, 2022 жылғы конкурстық іріктеуге киностудияның 49 жобасы ішінен 18 жас режиссерлермен бірлескен дебюттік жобалар ұсынылды.
2022 жылы киностудия 12 фильм түсірді, оның ішінде 3 толықметражды, 6 деректі, 1 қысқаметражды және 2 анимациялық фильм.
Толықметражды көркем фильмдер: "Әбіл", "Набат операциясы", "Өліара" фильмдері. "Набат операциясы" фильмінің түсірілімі әлі де жалғасып жатыр. Ал қалған екі фильм 2023 жылы көрерменге жол тартады. Сондай-ақ келесі жылы "Соңғы үкім" және "Жамбыл. Жаңа дәуір" тарихи фильмдері қазақстандық көрермен назарына ұсынылады.
"Жамбыл. Жаңа дәуір"
"Жамбыл. Жаңа дәуір" көркем фильмінің пресс-көрсетілімі 19 желтоқсанда Алматы қаласында өтті. Картинаны фильмде басты рөлді сомдаған Халық әртісі Досжан Жанботаев пен режиссер Жандос Құсайынов таныстырды. "Жамбыл. Жаңа Дәуір" фильмін "Мәдениет және шығармашылық бастамаларды қолдау" қоғамдық қоры мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірді.
"Жамбыл атамыздың есіміне байланыстырыла айтылатын, шындыққа сәйкес келе бермейтін неше түрлі аңыз-оқиғалар, әңгімелер көбейіп кеткеніне қынжылып, ұлы ақынның шынайы образын халыққа көрсеткім келді. Сол дәуірге терең бойлай отырып, нақты әрі шынайы фактілерге қол жеткізу үшін мен тарихи-мұрағаттық құжаттарды ақтарып, ақын туралы сол дәуірдің жазушылары тарапынан жазылған кітаптарды оқып шықтым. Бірақ мен документалды фильм емес толыққанды, оның үстіне тарихи ғана емес көркем дүние түсіретініме толық қақым бар екеніне сенімді болдым", - дейді режиссер Жандос Құсайынов.
Фильмнің оқиғалар желісі Жамбыл Жабаевтың өмірінің соңғы 9 жылын қамтиды. Дәл осы кезеңде ақынның аты бүкіл кеңестер одағына дүркірей танылған болатын. Фильмде Жамбылдың өміріне үлкен әсер еткен оқиғалар баяндалады: ақындар слеті, ақын өлеңдерінің газеттер мен журналдарда басыла бастауы, Ораз Жандосовпен, Бауыржан Момышұлымен, Сәкен Сейфуллинмен және тағы да басқа қазақтың атақты қоғам қайраткерлерімен кездесуі.
"Басты рөлді сомдайтын актерді көп іздедік. Режиссер үшін ең маңызды болғаны ол актер түр-әлпетінің ақын бейнесіне дәлме-дәл келуі: "Ол үшін біз басты рөлге үміткердің фотосуретін алып оның түрін "қартайттық", - дейді Жандос Құсайынов.
Актерлер құрамына Алмас Шаяхметов, Анна Старченко, Асан Мәжіт, Ерік Жолжақсынов, Фархад Махмудов, Филипп Волошин сияқты танымал актерлер кірді.
"Жамбыл. Жаңа дәуір" тарихи картинасының түсірілімі 2021 жылы, Қазақстан көлемінде ақынның 175 жылдығы аталып өтіп жатқан кезде басталды.
Фильмді түсірушілер 2022 жылдың көктемінде балалар арасында республикалық кастинг өткізген. Кастинг кезінде қоғамның әлжуаз отбасыларының балалары мен білімі ерекше балалар да кеңінен қамтылды. Келіп түскен 1200-ден астам өтініш иелері арасынан фильм авторлары 35 баланы таңдап алып, олар фильмде әртүрлі деңгейлі рөлдерді сомдау мүмкіндігіне ие болды.
"Соңғы үкім"
Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдық мерейтойына орай түсірілген фильм. Бұл фильмнің сценарийіне үлкен байқау жарияланды. "Соңғы үкім" фильмін "Folklore media" ЖШС-і мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірген.
Картинаның сюжеті Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің барлық кезеңін қамтиды. Түсірілім тобын Ерлан Нұрмұхамбетов пен Ерген Тоқмурзин басқарады. Нұрмұхамбетов "Жаңғақ ағашы" фильмі үшін Оңтүстік Кореяда өткен Пусан халықаралық кинофестивалінің гран-при иегері атанған. Оның серіктесі Ерген Тоқмұрзин көптеген деректі фильмдердің қоюшы режиссері болды.
© Photo"Соңғы үкім" фильмінде басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдайды.
"Соңғы үкім" фильмінде басты рөлді Азамат Сатыбалды сомдайды.
© Photo
"Фильмді түсіруге бір жыл кетті. Қарашаның соңында соңғы кадрды түсіріп бітірдік. Қазір монтаж, графикалық және музыкасы қойылып жатыр. Көрерменге Алла қаласа келесі жылы ақпан айында көрсетеміз деп отырмыз", - дейді режиссер Ерген Тоқмұрзин.
Ахмет Байтұрсыновтың тарихи образын ашу үшін тұлғаның бала кезінен бастап өмірінің соңына дейінгі эпизодтар көрсетіледі.
"Бір ғана фильммен Ахмет Байтұрсыноватың бүкіл өміртарихын ашып көрсете салу еш мүмкін емес. Кемінде 5-6 сериялы деректі фильм түсіру керек. Ол кісінің жасаған еңбегі, өмір жол, бастан кешкен хикаяларын, әрине, бір фильмге сыйғыздық десем жалған болар еді. Бұл тарихи фильмді тұлғаның өмірінен хабары бар, ол туралы ақпарат білетін адам болмаса, білмей барып көре салу көрерменге сәл қиындық тудырады", - дейді Ерген Тоқмұрзин.
Қазақтың тарихи тұлғалары туралы фильмдерді түсіруде тәжірибесі мол Ерген Ахмет Байтұрсынов туралы фильмді түсіруге қатысқаны үшін өзін бақыттымын деп санайды. Оның айтуынша "Соңғы үкім" сияқты ауқымды тарихи фильм бұған дейін түсірілген жоқ.
"Салыстырудың өзі артық. Бұған дейін әрине тарихи тұлғалар туралы фильмдер түсіріліп келді. Бұл фильмнің ерекшелігі Ғалым Доскен ағамыздың сценарийінің өзі қиын әдіспен жазылғандығы болды. Фильм ерекше әдіспен жазылған сценарий негізінде түсірілді. Ахмет Байтұрсыновтың өмірінің әр кезеңін сипаттау арқылы барлық өмірін көрсеттік", - дейді режиссер.
Басты рөлде – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды. Сондай-ақ картинада Еркебұлан Дайыров, Дәурен Серғазин, Айдар Наурызбаев, Назгүл Қарабалина, Александр Багрянцев, Дарья Александрова және Ерлан Кәрібаевтар ойнайды.
Сондай-ақ 2021 жылы түсірілген "Соғыс тұтқыны" және "Бізге дәрігер керек" фильмдерін бірқатар кинофестивальге қатысқаннан кейін кинотеатрда немесе телеарналар мен платформаларда прокатқа шығару 2023 жылға жоспарланған.
Жалпы, 2019 жылдан 2022 жылға дейін киностудияның 15 кинокартинасы кең прокатқа шықты: "Тұлғалық өсу тренингі", "Қазақ хандығы. Алтын тақ", "Өзен", "Балуан Шолақ", "Әруақ", "Композитор", "Түн Құдайы", "Томирис"," Бала ғашық", "Қыз бен теңіз", "Уақыт жолдары", "Мұқағали", "Ұлы Дала Таңы", "Ақын", "Күнбағыс". Прокат алымдары бойынша жалпы табыс 321 миллион теңгеден асады. Соңғы 3 жылда студия контентінің лицензиялық құқықтарын іске асыру бойынша жалпы табыс 700 миллион теңгеден асқан.
Сондай-ақ 2022 жылы отандық анимациялық киноны дамыту мақсатында киностудия жанынан "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі құрылды. Қазақ мультипликациясының жұмысы қайта жанданды, бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда "Қазақанимация" шығармашылық бірлестігі конкурстық негізде республиканың ірі қалаларынан 167 сценарий ішінен үздік 20-сын таңдап, 5 минуттық анимациялық картиналардан тұратын 20 пилоттық жобаны аяқтап үлгерді.
2022 жылы Шәкен Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ-ның он бір толықметражды, екі қысқаметражды, бір анимациялық, бір деректі фильмі жиырма жеті халықаралық кинофестивальге қатысып, жиырма жүлдеге ие болды.