2023 жылы қандай түс пен киім сәнге кіреді

© East News / Pierre VerdyМодель представляет малиновое платье с наколенниками во время показа в Версальском замке, Франция
Модель представляет малиновое платье с наколенниками во время показа в Версальском замке, Франция - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.12.2022
Жазылу
Адам көркі - шүберек. Денеге қонымды, түсі әдемі киім кисе әйел де, ер де көріктеніп шыға келері сөзсіз. Қазіргі таңда сәннен сауаты аз адамдар кемде-кем. Өйткені жыл өткен сайын адамдардың сәнді киініп, сәнді өмір сүруге деген ынтасы артып барады
Сонымен 2023 жылы қандай түс, қандай киім сәнге айналады? Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
2022 жылы әлемдік дизайнерлер күлгін түсті жыл түсі деп таңдады, дегенмен әркімнің талғамы әртүрлі. Сондай-ақ ақ, сары, барыс принттері, жасыл түстер жиі қолданылды. Ал қоян жылы тренд қандай болмақ? Дизайнер мамандардың пікірін тыңдайық.
"2023 жылы модаға кіретін түстер: қызыл, қанық қызыл, бордо түстер. Түс туралы трендтерді модаға кіргізетін Пантон университеті бар. Келесі жылғы сәнді түс ретінде қызыл түсті осы университет белгілеп отыр", - дейді танымал дизайнер Назым Қарпықова.
Иә, түстің өзі сіз бен біз ойлағандай, кез келген жерден алынып, сәнге айнала салмайды екен. Pantone түс институты - компанияларға өз брендтері немесе өнімдері үшін түс шешімдерін қабылдауға көмектесетін танымал компаниялардың бірі.
2022 жылы сән үлгісінде костюм-шалбар, кеудешелер, қысқа пиджактар, кең киімдер (оверсайз), бүктелмелі қысқа белдемшелер (плиссированная мини-юбка), твид матадан костюм мен белдемшелер сәнге айналды.
"Ал келесі жылы модаға денеге жабысқан костюм-шалбарлар, шифоннан көйлектер кіреді. Оферсайз емес, денеге жабысып тұратын көйлектер 2023 жылдың сәніне айналады", - дейді дизайнер.
Назым Қарпықованың айтуынша, мәселе қымбат киінуде емес, бастысы талғаммен киіне білген жөн.
"Мен шетелге өте жиі шығамын. Көптеген мемлекетте жұмыс барысымен жүргенде байқағаным, біздің әйелдеріміз сәнді киінгенді өте жақсы көреді. Сондай-ақ жастарымыздың киім кию үлгісі мені қуантады. Өйткені талғамы өте жоғары. Менің алдыма көптеген кісі келеді. Олардың сәнге қатысты сауаттылығын көремін. Бұл қуантарлық жағдай", - дейді дизайнер.
Мамандардың айтуынша, матаны таңдағанда сапасы мен құрамына аса мән беру керек. Сондай-ақ тігу технологиясына да мұқият болу қажет.

Үй мен дастарханды қалай әрлейміз?

15 жыл үй мен дастарханды безендірумен айналысатын отандық дизайнер Жанат Шакаман қазақ халының қонақ күтудегі дайындығына тоқталды.
"Әр жылы әртүрлі етіп үйін әрлеп, сәнді қуатындар өте сирек, тіпті жоқтың қасы. Қазақ халқының басты ерекшелігі: қонақ отыратын бөлме мен қонақ күтетін столды ғана ерекше безендіреді", - дейді Жанат Шакаман.
"Тұрғындар перделер мен дастархандарға жиі тапсырыс береді. Осыдан он жыл бұрын барқыт, сары алтын матадан үйді безендіру сәнге айналған. Бахрома мен моншақтармен безендіретін. Қазір керісінше бірыңғай түсті көп таңдайды. Еуропалық үлгіні қалайтындар көп", - дейді ол.
Соңғы бес жылда дастархан алуда халықтың талғамы өскен.
"Адамдар дастархандарға тапсырыс бергенде үйдегі перде мен интерьерге сай таңдайды. Кестеленген, моншақталған дастархан жаймаларына сұраныс өте көп. Соңғы үш жылда ранерге сұраныс өте жоғары. Ранер дегеніміз столдың бетіне жайылатын жіңішке мата. Оған сай ыдыстардың астына төсеніштер, сүлгілер мен оған кигізетін моншақты сақиналарға деген сұраныс күннен-күнге артып бара жатыр", - дейді дизайнер.
Маманның айтуынша, сәнге айналып жатқан дастархан бетіне жабылатын жылтыр жаймаларға 2023 жылы сұраныс тіпті артады. Өйткені қазақстандықтар қазір оюлы-әшекейлі үстелдерді алуға құмар. Ал мұндай жаймалар сондай үстелдердің әдемілігін жасырмай көрсетіп тұрады.
2023 жылы дастархан үшін нақты бекіген сән үлгісі жоқ.
Жаңалықтар
0