Қаңтар оқиғасы, референдум, президент сайлауы: 2022 жыл несімен есте қалады

© AP Photo / Vladimir TretyakovОмоновцы держат свое оружие наготове, пытаясь остановить демонстрантов во время акции протеста в Алматы, Казахстан, в среду, 5 января 2022 г.
Омоновцы держат свое оружие наготове, пытаясь остановить демонстрантов во время акции протеста в Алматы, Казахстан, в среду, 5 января 2022 г.  - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 29 желтоқсан – Sputnik. 2022 жыл елдің есінде ұзаққа сақталатыны хақ. Алдымен газ бағасына қатысты наразылықтар болды, оның арты қаңтар оқиғасына ұласты. Тоқаев халыққа бірнеше рет үндеу жасады. Артынан суперпрезиденттік биліктен арылу шаралар күшейді. Жалпыхалықтық референдум ұйымдастырылды. Жаңа облыстар құрылды. Қазақстан халқы тағы кезектен тыс президент сайлауына барды. Sputnik Қазақстан 2022 жылы болған маңызды оқиғаларды еске алды.

Қаңтар оқиғасы

Биыл жаңа жылдан кейінгі демалыс күндері бітпей жатып, елдің батысында газдың бағасы шарықтап кетті. Содан көлік жүргізушілері жиналып, өз наразылығын айтты. Жаңаөзен тұрғындары да алаңға шықты. Олардың видеосы жан-жаққа тарап кетті. Осыдан кейін жер-жерде жиналған адамдар жаңаөзендіктерге қолдау білдірді. 2011 жылғы жағдай қайталанады деп алаңдады. Бірақ Жаңаөзенде бәрі тыныш өтті. Ал бірқатар өңірде бейбіт жиналыстар жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Әсіресе, Алматы қаласында жағдай қиын болды. Бірнеше нысанды өртеп жіберді, әуежайдың күл-талқанын шығарды. Дүкендер мен банктер тоналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ әскерін шақыруға шешім қабылдады. Олар келген бойда стратегиялық маңызы бар нысандарды күзетуге кірісті. Ал қазақстандық әскерилер мен полицейлер тәртіп орнатуға күш салды.
Сол уақытта төтенше жағдай жарияланды. Артынан лаңкестікке қарсы операция басталды. Түнгі уақытта далаға шығуға тыйым салынды. Интернетті де өшіруге тура келді. Ал президент республикалық телеарналар арқылы халыққа бірнеше рет үндеу жасады.
Қаңтар оқиғасынан кейін билікті күштеп басып алу мен мемлекетке опасыздық жасау бойынша қылмыстық істер қозғалды. ҰҚК-ның бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның екі орынбасары қамалды. Ал қорғаныс экс-министрі Мұрат Бектанов әрекетсіздік танытқаны үшін тергеуге алынды. Бұдан бөлек, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиев те ұсталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, қылмыскерлер бейбіт шеруді жаппай тәртіпсіздікке айналдырғысы келді. Алдын-ала әзірлеген арандатушылар, бұзақылар, тіпті, қарақшылар да болды.
"Біз бұл жерде бір мәселенің басын ашып алуымыз керек. Бейбіт шерулердің себебі – бір бөлек. Ал, мемлекеттік төңкеріс жасағысы келгендердің мақсаты мүлде басқа. Қаңтар оқиғасының астарына үңілсек, оның себептері айқын көрінеді. Елімізде ұзақ уақыт әлеуметтік әділдік назардан тыс қалды. Мемлекет пен қоғамның арасы алшақтап кетті. Жылдар бойы шешілмеген әлеуметтік-экономикалық мәселелерден жұрт әбден қажыды. Бұл – түсінікті жайт. Алайда, қылмыскерлердің көздегені басқа еді", - деді Тоқаев Алматы халқымен болған кездесуде.
Осы орайда президент халықтың бейбіт шеруі мен қарақшылар жасаған қанды қылмыстың арасын ажырата білу керек дейді. Ал көшеде бұзақылық жасаған адамдарды дәріптеп, қолдан қаһарман жасауға болмайды.
Қыркүйек айында Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысқан адамдарға рақымшылық жариялады. Оған барлығы 1,5 мың адам ілігеді. Біреудің ісі тоқтатылса, енді біреудің жазасы қысқартылады.
Ресми мәлімітке сәйкес, қаңтар оқиғасы кезінде 238 адам қайтыс болды. Олардың ішінде қылмыскерлер де, кінәсіз адамдар да бар. Алматы қаласында, Жамбыл, Қызылорда мен Алматы облыстарында күштік құрылымдардың 19 қызметкері қаза тапты. Жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ұрланған екі мыңнан астам қару-жарақ әлі табылған жоқ.

Бір жылда екі жолдау

Биыл президенттің жолдау жасау дәстүрі бұзылды. Тоқаев бір емес, екі рет халыққа арнады. Наурыз айында мемлекет басшысы биліктің суперпрезиденттік формасынан біржола кету керектігін айтып, саяси жүйені жаңғырту бағдарламасын жариялады. Қазақстан мықты парламенті бар президенттік республикаға айналуы керек.
Тоқаев алдымен президентке саяси партияны басқаруға тыйым салды. Орталық сайлау комиссиясы, есеп комитеті мен конституциялық кеңес өкілдері де партия қатарынан шығуы керек. Ал әкімдер мен олардың орынбасарлары партия филиалдарын басқара алмайды.
Бұдан бөлек, президенттің туыстарын мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметтерге тағайындауға тыйым салынды. Тоқаев парламент, сайлау және тағы басқа мәселелер бойынша біраз ұсыныс жасады. Соның барлығы конституциялық өзгеріс ретінде бөлек заң болып әзірленді. Артынан Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасыға қатысты баптарды да алып тастау бастамасы көтерілді. Оны да енгізді. Ал конституциялық реформаны жалпыхалықтық референдум арқылы өткізуге шешім қабылданды.

Жалпыхалықтық референдум

5 маусымда конституциялық өзгерістер бойынша жалпыхалықтық референдум өтті. Дауыс беру құқығы бар 11 734 642 азаматтың 7 985 769-ы қатысты. Осылайша, референдумға келу көрсеткіші 68,05 процентті құрады. Сның ішінде 6,1 млн адам конституциялық өзгерістерде қолдаса, 1,4 млн адам қарсы дауыс берді. Бюллетеньдердің 2,58 проценті жарамсыз деп танылды.
Осылайша Қазақстан Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Негізгі өзгерістер:
Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшеді;
Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі;
Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ;
Қазақстандықтар өз бетінше Конституциялық сотқа жүгіне алады;
Өлім жазасына тыйым салынады. Ешкімнің адам өмірін қиюға құқығы жоқ;
Мәжілістің депутаттық корпусы аралас сайлау жүйесі бойынша құрылады;
Сенаттағы президенттік квота қысқарады, мәжілістегі ҚХА квотасы жойылады;
Мажоритарлық жүйе депутатты сайлаушылардың қалауы бойынша шақыртып алуға мүмкіндік береді;
Тұңғыш президенттің ерекше рөлі мен артықшылықтары туралы ережелер алынып тасталады.

Нұрсұлтан Назарбаев қандай өкілеттіліктерінен айырылды

Биыл қаңтар оқиғасы кезінде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы қызметін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Ал ақпан айында парламент Назарбаевтың Қазақстан халық ассамблеясына өмір бойына төрағалық ету құзыретін алып тастады. Оған қоса, мемлекеттік маңызы бар бастамаларды Елбасымен келісу нормасы жойылды.
Конституциядан алынған тармақтар:
Тұңғыш президенттің статусы мен өкілеттілігі Конституция мен конституциялық заңмен анықталады;
Тұңғыш президент мемлекет басшысы қызметіне екі реттен артық сайлана алады;
Тұңғыш президент тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы және Елбасы статусының өзгермейтіні туралы нормалар.
Сондай-ақ биыл Тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Енді ол күні қазақстандықтар демалмайды.
Жылдың соңында мәжіліс "ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңның күшін жою туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Ол келесі жылдың басында парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады.

Үш жаңа облыс құрылды

Тоқаев наурыздағы жолдауда үш жаңа облыс құруды ұсынды. Осылайша, Қазақстанда Абай, Ұлытау мен Жетісу облыстары пайда болды. Семей мен Жезқазған қайтадан облыс орталығы болды. Ал Қапшағай жаңа мәртебеге ие болды.
Абай облысы, ауданы – 185 мың шаршы шақырым, әкімі – Нұрлан Ұранхаев;
Ұлытау облысы, ауданы – 188,9 мың шаршы шақырым, әкімі – Берік Әбдіғалиұлы;
Жетісу облысы, ауданы – 118,6 мың шаршы шақырым, әкімі – Бейбіт Исабаев.

Президент 7 жылға бір рет сайланады

1 қыркүйекте Тоқаев тағы бір жолдау жасап, ешкім күтпеген мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысы алдымен президент мандатын қысқартып, жеті жылға бір рет қана сайлауға, ал күзде кезектен тыс президент сайлауын өткізуді ұсынды.
Парламент екі аптаның ішінде президент ұсынған түзетулерді Конституцияға енгізді. Соның ішінде президент өкілеттілігінің мерзімін өзгертуге тыйым салатын тармақ та бар.
Айта кетері, Қазақстанда президенттің жеті жылдық мерзімі болған. 1998 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысының өкілеттілік мерзімі жеті жылға ұзартылды. Бірақ артынан бұл бапты алып тастады.

Елорданың атауы қайтарылды

Президент жолдауынан кейін ертесінде мәжілісте "Жаңа Қазақстан" депутаттық тобының мүшелері жиналып, елордаға Астана атауын қайтаруға бастама көтерді.
"Адамның көзі тірісінде қалаға оның есімін берген дұрыс деп есептемейміз және де қаланың жаңа атауын халық та қабылдамады. Сондықтан Тұңғыш президенттің өзі ұсынған Астана атауын қайта қалпына келтіру тарихи әділдік болар еді. Бұл – Тұңғыш президенттің бас қаламыздың құрылысын салдырудағы еңбегін де бағалау және халқымыздың ұсыныс-пікірін де ескеру", - деді депутаттар.
Содан әкімдікте қоғамдық тыңдау, артынан мәслихатың жиналысы өтті. Ономастикалық комиссияға да хат жіберілді. Ал 17 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының атауын Астана деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойды. Конституцияға да өзгеріс енгізілді.

Президент сайлауы

20 қараша кезектен тыс президент сайлауы өтті. Қазақстандықтарға алғаш рет "бәріне қарсымын" деген нұсқаны таңдау мүмкіндігі берілді. Ресми мәліметке сәйкес, сайлаушылардың 69,44 проценті - 8 300 046 адам дауыс беруге келді. Сайлаудың нәтижесі:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан) – 81,31% немесе 6 456 392 адам;
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі) – 2,53% немесе 200 907 адам;
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы) – 3,42% немесе 271 641 адам;
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі) – 2,6 % немесе 206 206 адам;
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі) –2,12 % немесе 168 731 адам;
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы) – 2,22 % немесе 176 116 адам дауыс берді.
Ал 460 484 адам, яғни сайлаушылардың 5,8 проценті бәріне қарсы дауыс берді.
Келесі жылы мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Президенттің айтуынша, 2023 жылы ауқымды кадрлық өзгерістер жасалады.
Жаңалықтар
0