Денсаулық

Дәрігердің қателігінен зардап шеккен пациенттерге өтемақы төленеді

CC0 / valelopardo / Дәрігер
Дәрігер - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 21 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісі медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды және кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жазаларды ізгілендіруді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Пациенттерге өтемақы

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, заң жобасында медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу тетігі мен жолдары қаралған. Министрлік заң жобасын әзірлеу барысында әлем елдерінің тәжірибесін зерделеген.
Халықаралық тәжірибеде медицина қызметкерлерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар құру арқылы, сондай-ақ жеке нарықтар арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру міндеті медицина қызметкерлеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына жүктелген.
"Осы айтылған халықаралық тәжірибе негізінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде АҚШ, Германия, Жапония және Түркия модельдері бойынша сақтандырудың бейімделген нарықтық моделі (қолданыстағы сақтандыру компаниялары арқылы, дауларды сотқа дейінгі реттеу арқылы) ұсынылып отыр. Қазір барлық медициналық ұйымда пациенттерді қолдау қызметін ашып жатырмыз", - деді Ғиният мәжіліс отырысында.
Осы модельге сәйкес пациенттерді қолдау қызметі, арнайы комиссия сарапшылар мен мүдделі тараптарды тартып және медиация элементтерін қолданып, шағымды қарайды. Бұл кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде реттелуі мүмкін.
"Пациент қызметтің немесе комиссияның шешімімен келіспеген жағдайда шағым сараптамалық қорытынды беру үшін денсаулық сақтау министірлігі медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінде қаралады. Дәлелденген жағдайда шағым бойынша материалдар, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына беріледі", - деді Ғиният.
Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сақтандыру жарнасының мөлшері қауіп дәрежесіне қарай бекітілген актуарлық есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалады. Денсаулық сақтау министрлігі 2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыруды ұсынып отыр. Ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысы медициналық ұйым мен медицина қызметкерлері арасында бөлінеді, бұл ынтымақты кәсіптік жауапкершілікке әкеледі.
"Осы айтылғандар негізінде министрлік жұмыс істеп тұрған сақтандыру компаниялары арқылы ұжымдық шарт жасай отырып, жұмыс беруші, яғни медициналық ұйымның қаржылық жауапкершілігінің шекті көлемінде медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыруды ұсынады", - деді министр.

Медицина қызметкерлерін қорғау

Сондай-ақ заң жобасы аясында медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқықбұзушылықтарды ізгілендіру және Қылмыстық кодекстің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету бойынша нормалар ұсынылған.
Ғинияттың мәліметінше, 2018-2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан 14 123 өтініш келіп түсті, оның ішінде Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жыл сайын 300-ге жуық іс, көбіне өліммен аяқталу қаупі бар хирургиялық бейіндегі мамандардың үстінен іс қозғалады (акушер-гинекологтар-14 адам, хирургтар-14, травматологтар – 8, анестезиологтар-6).
"Заң жобасында айыппұл мөлшерін және денсаулығына орташа және ауыр абайсызда зиян келтіргені үшін қамауға алу мерзімін төмендету, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіргенде немесе қайтыс болғанда "бас бостандығынан айыруды" жаза мерзімдерін қайта қарай отырып "бас бостандығын шектеуге" ауыстыру ұсынылады", - деді Ғиният.

Ақхалаттыларға арналған марапат

Сондай-ақ, заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеруге және оларды әлеуметтік қолдауға, оларға құрметті атақ беруге бағытталған.
1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлемақы бере отырып, медицина қызметкерінің аса үздік жетістіктері мен айрықша еңбегі үшін "Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері" құрметті атағын;
Жеңімпаздарға 500 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру төлемақысын бере отырып, "Мамандық үздігі" республикалық конкурсын тағайындау көзделген.
Мәжіліс депутаттары кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0