Жылу электр орталықтарын жөндеу үшін қанша ақша қажет

© Sputnik / Владислав ВодневТэц в Нур-Султане
Тэц в Нур-Султане - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Энергетика министрі Болат Ақшолақов президенттің тапсырмасымен құрылған арнайы комиссияның жылу электр орталықтарының (ЖЭО) техникалық жай-күйі бойынша талдауын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда елімізде барлығы 37 жылу электр орталығы жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде қызыл аймақта – 19, сары аймақта – 11 және жасыл аймақта – 7 ЖЭО тұр. Жылу электр орталықтарын тәуекел аймақтарға бөлу анықтау кезінде төрт өлшемшарт ескерілді: жабдықтың тозуы, технологиялық ақаулар, пайдалану мерзімі және кадр жетіспеушілігі.
"ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы - 66%. Бұл ретте Орал, Степногорск, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларының жылу электр орталықтарының тозуы 80%-дан асады. Қызыл аймақтағы ЖЭО үшін келесі күзгі-қысқы жылыту маусымынан өту кезінде тәуекелдерді азайту үшін негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, 98 қазандықты, 54 турбинаны реконструкциялау, жаңғырту көлемі айқындалды. Бенчмаркинг аясында жүргізілген алдын ала есептеулер бойынша аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге қаржыландыру қажет", - деді Ақшолақов үкімет отырысында.
Электр және жылу энергиясына бекітілген тарифтерді ескеріп, энергия өндіруші ұйымдарды жөндеу үшін көзделген қаражат 93 миллиард теңгені құрайды.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер аясында электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеуге жұмсалатын шығындарды өтемейді. Жеткіліксіз қаржы сомасы 88 миллиард теңгені құрап отыр.
Коммуналдық және квазимемлекеттік меншіктегі 12 жылу электр орталығы бойынша жоғарыда аталған жұмыстарды іске асыру үшін мемлекеттік бюджеттен, ал 22 жеке жылу электр орталығы бойынша меншік иесінің өз қаражаты есебінен қаржыландыру ұсынылады.
Жаңалықтар
0