Өңірлер

Оралда дизель отыны тапшы - жүргізушілер шағымданып жатыр

© Sputnik / Павел Лисицын / Медиабанкке өтуЗаправка автомобиля дизельным топливом, архивное фото
Заправка автомобиля дизельным топливом, архивное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 20.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 20 желтоқсан – Sputnik. Оралда көлік жүргізушілері, құрылыс және коммуналдық компаниялар дизель отынын таппай жүр. Жанар-жағармай сатылған күннің өзінде бағасы күрт өскен. Бір литрі 650 теңгеге дейін шарықтап кеткен, деп хабарлайды Astana TV арнасы.
Әсіресе, жүк көліктерінің иелері қатты қиналады. Қожа Серікмұратов үш жылдан бері Мәскеуден Алматыға көлік таситынын айтады. Қазақстанға кіргеннен кейін Оралда жанар-жағармайын құйып алады. Бірақ осы жолы дизельді отын таппай, жүкті қалай жеткізетінін білмей отыр.

"Ресейден шыққаннан бері дизель таппадым. Шекараның маңайында ғана 50 литрдей құйып алдым, одан басқа ештеңе таппадым. Енді іздеуге тура келеді. Қыста алғаш рет ондай проблемаға тап болып отырмын. Көлік жүргізушілері үшін бұл үлкен проблема", - дейді Серікмұратов.

Жергілікті халық дизельді отын проблемасы бірнеше аптадан бері шешілмей жатқанын айтып жатыр. Ал мамандардың сөзіне қарағанда, бағаның күрт көтерілуі коммуналдық қызметтерге ғана емес, жолаушылар тасымалының құнына да әсер етеді.
"Жолаушылар тасымалы, "Батыс су арнасы", "Жайықжылуэнерго", "РЭК", қаланы тазалау – бәрі-бәрі техникаға қарай отыр, оларда дизельді отының бағасы 125 теңге деп жоспарланған, тарифтер де соған қарай есептелді. Енді, бір литрін 650 теңгеге сатып алуға мәжбүр. Бұл – өте үлкен шығын. Баға төрт есеге өсіп кетті", - дейді Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттың депутаты Тұрарбек Тілемісов.
Оның айтуынша, дизельді отын тапшылығының негізгі себебі – Атырау мұнай газ зауытындағы жөндеу жұмыстарының созылып кетуі. Ол жерден айына 30 мың тонна дизельді отын жеткізіліп тұратын. Бірақ кейбір шенеуніктер ешқандай өзгеріс болмады деп отыр. Коммуналдық кәсіпорындар жанар-жағармайды талонмен алады, ешқандай тапшылық жоқ.
"Бізге дизельді отынға үлкен сұраныс жоқ. Коммуналдық қызметтер жұмысын тоқтатқан жоқ. Оларға қысқы дизельді отын қажет емес. Біз маусымаралық отынмен де жұмыс істей береміз", - деп атап көрсетті облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мейіржан Нұртазиев.
Телеарнаның мәліметіне сәйкес, Оралда бір ғана жанар-жағармай құю станциясында дизельді отын 650 теңгеден сатылады. Оны Ресейден әкеледі. Ал ондай тауардың бағасы төмендемейді, керісінше, өсе береді.
Жаңалықтар
0