Шұғыл заңдар тез қабылданады: парламент жаңа регламентті бекітті

© Sputnik / Абзал КалиевДепутаттар
Депутаттар - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Сенат пен мәжіліс депутаттары бірлескен отырыста парламент регламентіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында сенат пен мәжілістің регламентіне өзгерістер енгізу туралы бір ғана мәселе қаралды.
Мәжіліс депутаты Арман Қожахметовтың айтуынша, парламент регламенті бойынша құрылған бірлескен комиссияға депутаттар мен комитеттерден 50-ден астам ұсыныс түсті.
"Парламент регламентіне ұсынылатын түзетулер елімізде жүргізілген конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді", - деді Қожахметов.
Өзгерістерге сәйкес, Конституцияға конституциялық заңдарды тек қана парламент палаталарының бірлескен отырысында қарау туралы түзету енгізілді. Осыған байланысты осы тәртіпті парламент регламентінде бекіту ұсынылады.
Атап айтқанда, регламентті "Конституциялық заңдарды қабылдау" деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылып отыр.
"Конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті саналады. Конституциялық заң жобасы парламент мәжілісінде тіркеледі. Заң жобасының көшірмесі екі күннен аспайтын мерзімде сенатқа жұмыс істеу үшін жіберіледі. Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін мәжіліс төрағасы парламент палаталарының бірлескен отырысын шақырады. Бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады", - деп түсіндірді депутат.
Конституциялық заң жобасының бастамашысы негізгі баяндама жасайды, одан кейін әр палатаның қосымша баяндамашылары сөз сөйлейді. Сондай-ақ парламент депутаттарына кезекпен сөз ұсынылады. Қажет болған жағдайда Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде парламент палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі.
Сондай-ақ, осы отырыста бірлескен комиссияның төрағасы сайланады және бұл комиссияның жұмыс мерзімі анықталады. Бірлескен комиссия құрылған жағдайда конституциялық заң жобасын екінші оқылымда қарау кезінде бірлескен комиссияның төрағасы сөз сөйлейді. Екінші оқылымда парламент палаталарының депутаттары мен комитеттері бірлескен комиссияға жазбаша түрде енгізген ескертулер мен ұсыныстар ғана талқылауға жатады.
Дауыс беру қорытындысы бойынша парламенттің әрбір палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды.
Қожахметовтің айтуынша, түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес парламентке енгізілген үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты.
"Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған", - деп нақтылады мәжілісмен.
Мұндай "төтенше" жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады. Заң жобасы парламент мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс төрағасы парламент палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады. Бірлескен отырыста үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттарға баяндамашыға сұрақтар қою және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады.
"Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін парламент палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік береді. Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны алынбаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі", - деді Қожахметов.
Сонымен қатар, жеке тарауда парламенттің премьер-министрдің баяндамасын тыңдау рәсімін көрсету ұсынылады. Конституцияның 67-бабы 4-тармақшасына сәйкес, премьер-министр парламентке үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімі туралы баяндайды.
Бұл баяндаманы парламент палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар премьер-министрдің баяндамасын тыңдау кезінде сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқылы.
Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша президенттің ұсыныстарын парламенттің қарау тәртібі туралы регламентке жаңа 4-3 тарау енгізіледі.
Бұдан басқа, парламент регламентінің бүкіл мәтіні бойынша қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.
Сенат пен мәжіліс депутаттары парламент регламентіне осы өзгерістер мен толықтыруларды қабылдады.
Жаңалықтар
0