Министр Назарбаевқа қатысты заңның күшін жою туралы: бізде бұдан да басқа мәселе жетерлік

© Sputnik / Абзал КалиевНұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев  - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 19 желтоқсан – Sputnik. Әділет министрі Қанат Мусин тұңғыш президент туралы заңның күші қашан жойылатыны әзірге белгісіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер Мусиннен тұңғыш президент туралы заң қашан күшін жоятынын сұрады.
"Заң парламент қаулысымен күшін жояды. Тұңғыш президент туралы заң күшін жоюы үшін тиісті қаулы болуы керек, тиісті заң қабылдануы керек. Заң жобасы парламентке қашан енгізілетінін мен қазір айта алмаймын. Жұмыс жүріп жатыр", - деді Мусин кулуарда.
Айтуынша, тұңғыш президент туралы заңның күшін жою туралы бастаманы үш субъекті – президент, үкімет немесе парламент депутаттары көтере алады. Үкімет әзірге заң жобасын әзірлеп жатқан жоқ.
"Ол заңнан бөлек басқа да заңдар бар. Бізде қазір халықтың әл-ауқаты мен президенттің жолдауында айтылған міндеттерге қатысты басқа да мәселелер жетерлік. Біз солармен жұмыс істеп жатырмыз", - деді министр.
Мусиннің айтуынша, Конституциядан тұңғыш президент туралы нормалар алынып тасталғаннан кейін, іс жүзінде ол заң күшін жойды. Бірақ формальды түрде күші жойылды деп қаулы қабылдау үшін арнайы заң дайындалуы керек.
"Уақыты келгенде қабылдаймыз", - деп сендірді ведомство басшысы.
Еске салсақ, 5 маусымда Қазақстанда конституциялық түзетулер бойынша бүкілхалықтық референдум өткен болатын. Еліміздің негізгі заңынан "Тұңғыш президент туралы" заңды жою арқылы тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мәртебесі туралы ережелер алынып тасталды.
Сондай-ақ қабылданған түзетулерге сәйкес, Конституцияның 42-бабынан тұңғыш президентке мемлекет басшысы лауазымына қатарынан екі реттен артық сайлану құқығын беретін ереже алынып тасталды. Ал 46-баптан тұңғыш президенттің мәртебесі мен өкілеттігі Конституциямен және тиісті Конституциялық заңмен айқындалатыны туралы тармақ алынып тасталды.
Өз кезегінде 91-баптан тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ретінде тұңғыш президент туралы тұжырымды және оның Елбасы (ұлт көшбасшысы) мәртебесі алынды.
Жаңалықтар
0