Қазақстанның жолдары 2027 жылға дейін 100 пайыз интернетпен қамтылады

© Sputnik / Абзал КалиевҚыстағы жол
Қыстағы жол - Sputnik Қазақстан, 1920, 14.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 14 желтоқсан – Sputnik. Алдағы бес жылда республикалық және облыстық жолдарды интернетпен жүз пайыз қамту жоспарланып отыр. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Айтуынша, қазір интернет республикалық және облыстық жолдардың 25 пайызында ғана қосылған. Ал ұялы байланыс 86 пайызды құрайды.
"Келесі маңызды іс-шара – бұл республикалық және басты облыстық маңызы бар жолдарды ұялы байланыс пен интернетке қосу. 2027 жылға дейін осы жолдардың 100 пайызы интернет пен ұялы байланыспен қамтылатын болады", - деді Мусин үкімет отырысында.
Сондай-ақ ол барлық қала мен аудан орталықтарында кең жолақты интернетті қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын атап өтті.
Бүгінде 3G технологиясы бойынша 3 мыңнан астам елді мекен, 4G-мен 1 628 елді мекен қамтылған, ал 5G мүлдем жоқ. Мыс кабелімен өткізілген сымды байланыс 34 пайызды, ал оптика 26 пайызды құрап отыр, деп жалғастырды министр.
"Әлемде мыс кабелі мен 3G технологиясының ескіруін назарға алып, 2027 жылға дейін оларды түпкілікті ауыстырамыз. Сондай-ақ мобильдік 4G технологияны 100 пайызға жеткізіп, ал оптика инфрақұрылымын 90 пайызға арттырамыз. Сондай-ақ 2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкенттегі үлесін 75 пайызға, ал облыс орталықтарында 60 пайызға көтереміз", - деп сендірді ведомство басшысы.
Айтуынша, бұл іс-шаралар "Қолжетімді интернет" ұлттық жобасы аясында жүргізіліп, операторларға берілген салық преференциялары мен олардың инвестициялары негізінде қаржыландырылып, республикалық және жергілікті бюджет шығындарымен толықтырылады.
Жаңалықтар
0