Бірнеше қалада жылу жүйесі әбден тозған

© Photo : Пресс-служба акима Павлодарской области/Валерий Бугаев Архивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 12 желтоқсан – Sputnik. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент Қасым-Жомарт Тоқаев жылу жүйесі әбден тозған қалаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ресми мәліметке сәйкес, Қазақстанда жылу электр станциялары 66 процентке тозған. Ал кейбір қалаларда бұл көрсеткіш 80 процентке жетті.
"Жылу электр орталықтарының үштен бір бөлігі жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді. Шығыс Қазақстандағы Риддер мен Шемонаиха қалаларында жылу желілері толығымен тозған", - дейді Тоқаев.
Осы орайда мемлекет басшысы үкіметке энергетика нысандарын жаңғыртуды бір емес, бірнеше рет тапсырғанын еске салды. Бірақ әкімдер де үкіметке сілтеп, құтыла алмайды.
"Менің тапсырмам бойынша президент әкімшілігі жанынан құрылған арнайы комиссия кешенді шаралар әзірледі. Соған сәйкес бақылау-қадағалау тетігін күшейтіп, меншік иелерінің жауапкершілігін және жалпы саланың тиімділігін арттыру қажет. Комиссия дұрыс жұмыс істемей тұрған 19 жылу электр орталығын анықтады. Оларды шұғыл жаңғырту қажет. Алдын ала есеп бойынша оған шамамен 90 миллиард теңге керек. Бұл қаражат, әрине, энергетикалық кәсіпорындардың тарифтік сметасында ескерілгені жөн", - деп атап өтті президент.
Ал мемлекет меншігіне жататын нысандар бюджет есебінен жаңғыртылады. Президент осы мәселені шұғыл шешуді тапсырды.
"Бүгінде бір мың шақырымнан астам жылу жүйесін шұғыл ауыстыру және жөндеу қажет. Олардың орташа тозуы 75 процентті құрап отыр. Ал Арқалық, Риддер мен Шемонаихада жылу жүйелері толығымен тозды. Үкімет осы мәселені алдағы үш жылдың ішінде шешуі керек. Комиссия баяндамасына сәйкес, 528 миллиард теңге қажет екен. Ол ақшаны бюджеттік кредиттер мен тарифтік саясат арқылы қарастырған жөн", - деді Тоқаев.
Жаңалықтар
0