Өңірлер

Отырар ежелгі қалашығын қалпына келтіру жұмыстары аяқталды

Отырар қалашығы - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Археолог-ғалымдар мен реставраторлар "Ежелгі Отырар қаласын ішінара қалпына келтіру" жобасы аясында тиісті жұмыстарды толығымен аяқтады.
Ғалымдар ежелгі қалашық аумағында Ақ Орда билеушісі Ерзен хан салған Ханаканың орнын тапты. Сондай-ақ мамандар күйдірілген кірпіштен қаланған мешіт пен XV ғасырдың басында Әмір Темір Тоқтамыс ханның елшілерін қабылдаған Бердібек сарайын ішінара реставрациялады. "Жарақты", Солтүстік және Сопыхан қақпаларын толығымен қалпына келтірді, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігі.
"Қалаға "Жарақты" қақпасы арқылы кірген тұста тұрғын үйлер мен қыш шеберханасы бар кешен табылды. Тұрғын үйлердің маңында өндіріс орындары орналасқан, онда қыш ыдыстар жасалатын екі камералы пеш пен қыш бұйымдар кептірілетін алаң анықталды. Ғалымдар тұрғын үйлердегі шеберханалар XV-XVI ғасырларда жұмыс істегенін айтады", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, XVII ғасырдағы базар алаңында да қазба жұмыстары жүргізілді. Онда наубайхана кешені және тұрғын үй орамы анықталып, реставрациялау мен консервациялау жұмыстары жүргізілді.
Үш жылға созылған ауқымды жоба аясында ескерткіштерді сақтау және туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Отырар қаласының аумағында бейнебақылау камералары орнатылған. Көшелер электр шамдарымен жарықтандырылып, жаяу жүргіншілер мен электрокарларға арналған жолдар салынған.
Отандық туроператорлар халықты 1-7 күн ішінде киелі және тарихи орындарға турлар ұсынуға дайын екенін жеткізді. Енді Отырар қалашығы ашық аспан астындағы музей ретінде туристерді қабылдайды.
Жаңалықтар
0