Астананың жаңа әкімі жұмысты үлескерлермен кездесуден бастады

© Photo : Акимат АстаныЖеңіс Қасымбек үлескерлермен кездесті
Жеңіс Қасымбек үлескерлермен кездесті - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 11 желтоқсан – Sputnik. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек құрылысы бірнеше жылға созылған үш көппәтерлі тұрғын үйдің үлескерлерімен кездесті. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
"Үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар – "Future home", "Арыстан", "Зере-2" тұрғын үй кешендері. Бұл тұрғын үй кешендері ең күрделі болып саналады. Жалпы алғанда, мұнда жылдар бойы 600-ден астам үлескер отбасы өз кілтін күтіп жүр",- деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
"Future home" тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл тұрғын үй кешенінде 200-ге жуық үлескер отбасы бар. Нысанның дайындығы 40%-ды құрайды. Осы орайда екі блокты бұзуға тура келгенін айта кеткен жөн. Себебі құрылыс жұмысын қайта бастау үшін жарамсыз деп танылған болатын.
"Арыстан" тұрғын үй кешенінде 450-ге жуық үлескер отбасы бар. Бұл көппәтерлі тұрғын үй кешені проблемалы құрылыстың ірі нысандарының бірі болып саналады. Оны беру кезінде нысанның тек 20-30%-ы ғана дайын болған еді. Тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады, оның бір бөлігі аяқталды – шамамен 270 үлескерге баспана кілті табысталды. Қалған блоктар да аяқталады.
Құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан – "Зере-2" тұрғын үй кешені 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Мұнда 230 үлескер отбасы өз пәтерін күтіп жүр. Нысанды беру кезінде тек шұңқыры қазылған күйде ғана болған. Қазіргі уақытта құрылысы қайта жанданды, алайда жұмыс қарқынын арттыру қажет.
Жеңіс Қасымбек үлестік құрылысқа тиесілі проблемалы 51 нысанның 15-і қалғанын атап өтті.
"Оның 7-еуін биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Тағы 8 нысанды (бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені) 2023 жылы аяқтауды алдыма міндет етіп қойдым. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы мемлекет басшысының бақылауында. Үлескерлердің проблемаларын шешу – бұл біздің міндетіміз. Басты мақсатымыз – үлескерлердің өз пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойлауы", - деп жазды әкім.
ЖеңісҚасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандардың, аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен тұрақты негізде кездесіп, жағдайды жіті назарда ұстауға уәдеберді.
Жаңалықтар
0