Қазақстанда ереуіл өткізу жеңілдей түседі

© Photo : акимат Карагандинской областиРабочие в забое шахты
Рабочие в забое шахты - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Парламент мәжілісі еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін оңайлату туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заң жобасын мәжіліс депутаттары әзірледі. Депутат Екатерина Смышляеваның айтуынша, жыл басынан бері елімізде еңбек қатынастары бойынша митингтер мен ереуілдер көбейіп барады. Олардың көбі келіссөз кезеңінсіз өтеді.
"Салдарынан ереуілдердің бәрі заңсыз деп танылып, жұмысшылардың проблемасы шешілмей қалады. Бұл келіссөз және келісу институттарының жұмысында кемшіліктер барын көрсетеді", - деді Смышляева мәжіліс отырысында.
Осыған байланысты ереуіл өткізуді жеңілдетуге бағытталған заң жобасы әзірленді.
Құжатта:
келісу комиссиясының рөлін күшейту және мәртебесін көтеру;
жұмыс берушіні жұмысшыларды комиссия жұмысы туралы келісіммен таныстыруға міндеттеу қарастырылған.
Бұл ретте келісу комиссиясына жүгінуге құқылы тұлғалар қатарына бұрын еңбек қатынасында болған жұмысшылар, соның ішінде, еңбек қатынасы кезеңінде комиссияға өтініш жазбағандар қосылады. Сондай-ақ өтінішті кері қайтару мүмкіндігі пайда болады. Бұдан бөлек, ереуілдерді ұйымдастыру процедурасы жеңілдетіледі.
Атап айтқанда, жұмыс беруші жиналыс өткізуге орын-жай ұсынуға міндетті болады. Оларды ұйымдасыру қолжетімді әрі оңай бола түседі. Ереуіл өткізу туралы шешім 2/3 емес, жай көпшілікпен қабылданады, сондай-ақ конференция кворумы қысқарады.
Сондай-ақ 1 сағаттық ескерту ереуілі түсінігі енгізіледі. Ол еңбек дауын еңбек төрелігі қараған кезеңде өткізіледі. Егер кәсіпорында бір уақытта кәсіподақ пен жұмысшының сайланбалы өкілі болса, ереуіл туралы шешім қабылдау үшін бірыңғай орган құрылады. Сонымен қатар заң жобасында еңбек арбитражы құрамына үшжақты комиссиялардың өкілдерін кіргізу көзделіп отыр. Бұл осы институттың белсенді жұмыс істеуіне мүмкіндік бермек.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы бір жыл ішінде әзірленді. Құжатты дайындау барысында еңбек құқығы саласындағы үздік тәжірибелер, Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары пайдаланылды. Кәсіподақ ұйымдарымен және жұмыс берушілер қауымдастығымен консультациялар өткізілді. Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0