АҚШ пен Еуропа қарым-қатынасында қиындық туындап жатыр – БАҚ

© Photo : Пресс-служба акимата АлматыАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 07.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 7 желтоқсан – Sputnik. Атлант мұхиты бөліп тұрған Еуразия мен Солтүстік Америка құрылықтарындағы одақтастардың байланысы мен қарым-қатынасындағы геосаяси қайшылықтардың ауқымы кеңейіп барады. Франция президенті CBS News телеарнасына берген сұхбатында батыс әлемінің екі орталығында қарым-қатынастың күрделенгені туралы айтты, деп жазды РИА Новости.
Франция президенті Брюссель мен Вашингтон украин мәселесі бойынша ортақ көзқараста екенін, бірақ одақтастардың қазіргі жай-күйі тең емес екенін мәлімдеді. Макрон бұл мәлімдемесі арқылы күн тәртібіндегі өзекті мәселені, яғни, энергия тасымалдағыштар дағдарысы мен олардың жоғарғы бағасын меңзеп отыр. Санкциялар енгізу және ресейлік энергия ресурстарын өз аумағында шектеу туралы талаптардың барлығын бұлжытпай орындаған Еуропа қазір әлдеқайда күрделі әрі тәуелді жағдайға тап болды.
Француз көшбасшысының бұл сөздеріне қарсы пікір білдіру қиын. Себебі бір жыл бұрын Еуроодақтың энергетикалық теңгеріміндегі ресейлік мұнайдың үлесі 30 проценттен асты, яғни танкерден еуропалық цистерналарға құйылатын әрбір үшінші баррель Ресейден келген. Қазіргі уақытта ресейлік шикі мұнайдың үлесі 21 процентке дейін төмендеді. Бірақ санкцияларға қарамастан ресейлік қара алтын әлі де құрлықтағы өнімнің бестен бір бөлігін құрап отыр.
Табиғи газ мәселесі де осындай. Тура бір жыл бұрын құбырлар арқылы және газ тасымалдаушылар Еуроодаққа 200 миллиард текше метрден астам көгілдір отын жеткізді. Бұл жалпы тұтынудың 40 процентке жуығын құрады. Бүгінде Еуропа осы жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткішті 23 процентке дейін төмендете алды.
Негізгі сатып алушыға жеткізілімдердің күрт қысқаруы қиындықтарға әкелді, сонымен қатар ресейлік "Газпромға" зиян келтірді. Оның тікелей салдары өндірістің төмендеуі және Шығысқа логистикалық бағыт бұру түрінде сипат алды. Бұл да айтарлықтай шығындар мен қиындықтарды тудырды. Бірақ Ресей мен Еуропаның негізгі айырмашылығы бар. Ресейдің ішкі нарығы ұсыныстарға толы, өңірлерді газдандыру мемлекет есебінен жеделдетілген қарқынмен жүргізіліп жатыр, көгілдір отын табыс деңгейі жоғары емес азаматтар үшін де қолжетімді.
Еуропада мүлде керісінше жағдай қалыптасты. Азық-түлік қоржынының бағасы өсіп жатқан рецессияға қадам басқан Брюссель баспа білдегінің жұмысын арттыруға мәжбүр. Бұл өз кезегінде болжам деңгейінен жоғары инфляцияны тудырады. Бірақ ең бастысы – отын мен ресурстардың тапшылығы қалыптасты. Өйткені ресейлік жеткізілімдерді алмастыру күрделі мәселе болып шықты.
Сұйытылған табиғи газдың негізгі жеткізушісі Катар өндірісті шамамен үштен бірге, яғни жылына 110 миллион тоннаға дейін ұлғайтып отыр. Бірақ бұл өсімнің негізгі үлесі Қытайға бағытталған жеткізулерге арналған. Ірі мұнай экспорттаушы Сауд Арабиясы жақында америкалықтар үшін өндірісті ұлғайтудан бас тартты. Күні кеше ғана ресейлік мұнайға шекті бағаны енгізу мәселесі аясында саударабиялықтар шешуші дауысқа ие ОПЕК елдері қаржылық шығынның орнын толтыру үшін өндірісті одан әрі қысқарту туралы шешім қабылдады.
Әрине, ОПЕК пен араб мұнайшылары мұндай шешімді Мәскеу игілігі үшін қабылдаған жоқ. Себебі нешінші рет енгізіліп отырған санкциялар, жүк тасымалдауды сақтандыруға тыйым салу, ресейлік мұнайға бағалық шектеулерден кейін әлемнің кез келген мемлекеті АҚШ шүйлігетін келесі ел өздері болуы ықтимал екенін жақсы түсініп отыр. Вашингтон мен Брюссель қазіргі іс-әрекеті арқылы бұрыннан қалыптасқан нарық ережесін сақтамайтынын анық көрсетті, деп жазды басылым.
Осы тұста президент Эммануэль Макронның сөзін қайта ескеруге тура келеді. Мұнай және газбен толық қамтамасыз етілген АҚШ Еуропаға ресурстар жеткізудің басымдығына ие болды. Ресейлік импорт арнасынан айырылған Еуропа мұхиттың арғы бетінен мұнай мен газ сатуды сұрауға мәжбүр. Франция президенті осы мәселені айтты. Дегенмен ресейлік және кейбір батыс аналитиктері Еуропа осы бағдарды ұстанса, сыртқы тәуелділікке тап болатыны туралы желтоқсан басталмай тұрып болжам жасаған болатын.
Сондықтан Еуропа қазіргі қиындықтар туралы бүкпесіз айтып жатыр. Макрон телеарнаға сұхбат берген шақта Еуропалық комиссияның кезекті отырысы өтіп жатты. Оның жетекшісі Урсула фон дер Ляйен Еуропа АҚШ-пен сауда соғысына дайын болуы керек екенін айтты.
Еурокомиссия басшысы айтқандай, америкалықтар инфляцияны төмендету туралы заңды жүзеге асыру аясында ірі өндірушілерді ашық түрде тартып жатыр және ол кәсіпорындарға осыған дейін Брюссельді бас тартуға мәжбүр еткен энергетикалық ресурстарға жеңілдіктер беруді уәде етіп отыр.
Жаңалықтар
0