Атыраулықтар прокуратурада шу шығарды

© Сергей Кузнецов / Медиабанкке өтуБилеты. Архивное фото - рекадр
Билеты. Архивное фото - рекадр - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 6 желтоқсан – Sputnik. Атырауда туристік фирмаға алданған адамдар прокуратурада шу шығарды. Барлығы қылмыстық істің тоқтатылғанына наразы. Ал қадағалаушы орган істі тоқтату туралы шешімнің жойылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан КТК арнасына сілтеме жасап.
Биыл жазда "Инфинити тревал М" туристік агенттігі арқылы шетелде демалмақшы болған 30-дан астам атыраулықтың жоспары жүзеге аспады. Қыруар қаржыны алдын ала жинап алған турфирма өкілдері халықты алдап кетті. Біреуі Мысырға, екіншісі Түркияға барамыз деп жүгін жинап отырғанда жағымсыз жаңалық жеткен.
"Туристік агенттіктің менеджерлері хабарласып, жаман жаңалық айтты. Яғни біз ешқайда бара алмаймыз. Ақшамызды ала алмаймыз. Сол мекеменің басшысы Нам Марта деген кісі Алматыда қашып жүр деп айтты. Енді біз сол уақыттан бастап 26 тамызда полицияға арыз жаздық", - дейді жәбірленуші Ерназар Құсайынов.
Дәл осындай демалыстан дәмелі 30-ға жуық адам құзырлы органдарға шағымданған. Кейбіреулері "Инфинити тревал М" фирмасының тұрақты клиенті болған. Бұған дейін бірнеше рет шетелге жолдама алып, саяхат жасап келген. Сондықтан жазғы демалысының шырқы бұзылып, алданып қаламыз деп еш күманданбаған.
"Дәл осы туристік агенттікпен бұрын да демалып келгенбіз. Бұл жолы отбасымызбен миллионнан астам қаржы жұмсап, қызметін алғанбыз. Алайда алданып қалдық. Құзырлы органдарға арыз жаздық. Бірнеше айдан бері тексеріп жатыр еді. Енді істі жауып тастады дегенді естіп отырмыз", - деп атап көрсетті қала тұрғыны Мәдина Мырзахметова.
Прокуратура тергеушінің істі тоқтатқанын растады. Бірақ қазіргі кезде оны қайтадан тергеуге жіберуге шешім қабылданды.
"Тергеуші істің толықтық қамтамасыз етпей, істі тоқтату туралы шешім қабылдаған. Қала прокуратурасы аталған істі зерделеп, тергеушінің тоқтату туралы қаулысының күшін жойып, қосымша тергеп тексеруге жолдады", - деді Атырау прокуратурасының бөлім прокуроры Хакімбек Атадусов.
Теңіз жағасында демалудың орнына құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған наразы топ туристік агенттік басшысы жауапқа тартылсын дейді. Сондай-ақ, алдын ала төленген ақшаны да өндіріп беруді талап етеді.
Жаңалықтар
0