Қоғам

Жәрмеңкелер қайта жаңғырады: үкімет азық-түлік бағасын реттеу жолдарын ұсынды

© Photo : Пресс-служба акима Туркестанской областиАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 4 желтоқсан — Sputnik. Үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын қалыпты ұстау шараларын жариялады.
Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бағаны тұрақтандыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Кеңеске қатысушылар 2022 жылғы желтоқсанда және 2023 жылғы көктемде бағаның күрт өсуіне жол бермеу аясында қабылданып жатқан жедел және жүйелі шаралардың барлық спектрін қарастырды.
Сауда комитеті төрағасының міндетін атқарушы Айдар Әбілдабековтің айтуынша, негізгі азық-түлік өнімдерін сатудың делдалдық схемаларын тергеу жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы жүйесіз, қараша айында барлығы 25 отырыс өткізілді. Атап айтқанда, Түркістан, Қызылорда, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында және Астанада өткен айда бірде-бір отырыс өтпеген. Тиісінше, олардың жұмысы нәтижелі емес.
"Өткен аптада Алматы облысында ӘМАТ санатындағы 6 өнім бойынша (күріш, сүзбе, тұз, тауық еті, майлылығы 2,5% айран, 1-санаттағы жұмыртқа) баға 0,7%-ға, Астанада 0,5%-ға (1-сорттағы ұн, 1-сұрыпты ұннан жасалған нан, сәбіз, пияз, қант) өскені байқалады. Сауда комитеті Орал құс фабрикасынан жұмыртқа сатып алып, оны сауда үстемесінен асырып сату фактілерін анықтады. Мұндай фактілер басқа өңірлерде де анықталып отыр", - деді Айдар Әбілдабеков.

Тұрақтандыру қорлары жаңаша жұмыс істейді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Жеңіс Өсербай тұрақтандыру қорлары жұмысында қолдануға болатын үш кезеңнен тұратын жаңа тәсілдерді ұсынды.
Статистикаға сәйкес, биылғы азық-түлік инфляциясына қант (2022 жылдың 11 айында 71,9%) және жеміс-көкөніс өнімдері (2022 жылдың мамыр-шілде айлары) бағасының күрт өсуі әсер етті.
Жаңа тәсілдер, соның ішінде маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының күрт өсуін болдырмауға және келесі маусымға дайындық кезінде негізгі азық-түлік өндірушілеріне қолжетімді қаржыландыруды бөлуге бағытталған.
Бірінші кезең – жеміс-көкөніс өнімдерін сатып алу (биылғы 25 қарашадан бастап), 2023 жылғы күзгі егінді қаржыландыру (2023 жылғы 1 ақпанға дейін), ал кейіннен жыл сайын – 1 қыркүйекке дейін – келесі жылғы күзгі егінді қаржыландыру.
Екінші кезең – қарақұмық жармасы, күріш, күнбағыс майын өңдеушілер арқылы шикізатты форвардтық сатып алу (2023 жылғы 1 наурыздан бастап), қант өндірушілерге айналым қаражатын бөлу (биылғы қазаннан бастап қолданыста).
Үшінші кезең – ұн, сиыр еті, құс еті, макарон, нан, сүт және сүт өнімдері, жұмыртқа (2023 жылдың 1 маусымынан бастап механизмдер пысықталады).
Барлық үш кезеңде өндірушілер тарапынан қарсы міндеттемелер өндірілетін өнімге бағаны белгілеу болады.

Жәрмеңкелер қайта жаңғырады

Серік Жұманғарин демалыс күнгі жәрмеңкелерді қайта жандандырып, адамдарға үстеме және делдалдарсыз қажетті тауарларды сатып алу үшін жағдай жасау қажеттілігін тапсырды.
"Мен өңірлерге делдалдық схемалар мен баға белгілеу тізбектерін зерттеу үшін аптасына кемінде үш рет өңірлік комиссия отырыстарын өткізуді тапсырған едім. Нәтижесінде қазір Сауда комитеті олардың қызметін тексеріп отыр"¸- деді Жұманғарин.
Сауда және интеграция министрінің айтуынша, барлық заңбұзушылық бірден байқалады, көтерме және бөлшек сауда бағаларын салыстыру жеткілікті. Өңірлік комиссиялар өздерінің негізгі функцияларын орындамай отыр, олар жедел әрі уақытылы жұмыс істеуі қажет. Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне тұрақтандыру қорларының жұмысын қайта форматтау жөніндегі жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Жаңалықтар
0