Қоғам

Жеке сот орындаушылары 1,1 млрд теңге ақша ұрлаған – бас прокуратура

© Sputnik / Абзал КалиевАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 02.12.2022
Жазылу
АСТАНА, 2 желтоқсан – Sputnik. Қазақстанның бас прокуратурасы бірнеше өңірде тексеріс жүргізіп, жеке сот орындаушыларының қылмыстық схемаларын анықтады.
Прокуратура органдары республикалық жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп, жеке сот орындаушыларының 2021-2022 жылдары борышкерлерден өндіріп алынған ақшаны уақтылы және толық аударуына тексеріс жүргізді.
"Алматы қаласында, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жүргізілген тексеріс нәтижесінде ақша ұрлаудың 660 фактісі анықталды. Жеке сот орындаушылары өндіріп алушылардың шотына аударылуға тиіс 1,1 млрд теңге қаражатты жымқырған", - деп хабарлайды бас прокуратура.
Мәселен, елордалық жеке сот орындаушы алимент бойынша жоқ қарызды әдейі анықтап, сот үкімімен мемлекеттің пайдасына тәркіленуге жататын 289 млн теңгені жеке тұлғаның банктегі шотынан шешіп алған. Ол бұл ақшаны Астана қаласы сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығына аударған. Осы қызметі үшін жеке сот орындаушы 10 млн теңге ұстап қалған.
Ал Алматыда жеке сот орындаушы бір жыл бойы борышкерлердің қаражаты есебінен өзінің банктегі депозитін жалпы сомасы 84 млн теңгеге 18 рет толтырған. Нәтижесінде ол пайыз түрінде 2 млн теңге табыс тапқан.
Осыған ұқсас тағы бір жағдай – жеке сот орындаушы өз депозитіне 13,6 млн теңге аударып, шамамен 5 млн теңгеге жуық сыйақы алған.
Қарағандылық 7 жеке сот орындаушы борышкерлердің 110 млн теңге ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
Сондай-ақ алматылық жеке сот орындаушы "Жанұя" балалар үйінің кәмелетке толмаған тәрбиеленушісіне арналған 400 мың теңгені өз қажетіне жаратқан.
Павлодарда жеке сот орындаушы үш жыл бойы екі баланың 520 мың теңге мөлшерінде алиментін ұрлап келген.
Ал кейбір жеке сот орындаушылар өндіріп алушылардың ақшасын бастығының шығындарын жабу үшін пайдаланған.
Батыс Қазақстан облысында жеке сот орындаушы өңірлік палатаның басшысына және оның орынбасарына 1 млн теңге аударған. Олардың басқа әріптестері әйелдері мен туыстарына 4,7 млн теңге жіберген.
"Ақша ұрлау мен ысырап етудің анықталған фактілері бойынша 16 сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ, қадағалау актісі бойынша 7 жеке сот орындаушы лицензиясынан айырылды, 2 лицензия уақытша тоқтатылды, 55 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - делінген хабарламада.
Жаңалықтар
0