Павлодар облысының экс-әкімі екібастұздықтардан кешірім сұрады
© Photo : Официальный интернет-ресурс акимата города Нур-СултанАбылкаир Скаков

Жазылу
АСТАНА, 1 желтоқсан – Sputnik. Мемлекет басшысының жарлығымен қызметінен босатылған Павлодар облысының басшысы Әбілқайыр Сқақов әлеуметтік желідегі парақшасында өңір тұрғындарынан кешірім сұрады.
"Құрметті жерлестер! Мен үшін сіздерге қызмет ету аса зор құрмет болды. Мәселелерді шешуді басты басымдық ете отырып, мен әрқашан да барлығын шынайы және адал орындадым. Жылдар бойы жиналған мәселелердің біраз бөлігі шешілді, қалғанын шешуге уақыт көбірек қажет болды. Екібастұздағы төтенше жағдай дәл сол – ұзақ уақыт бойы жиналып келген және тез шешілмейтін проблема. Дегенмен, қадірлі Екібастұз тұрғындары, мен қалыптасқан жағдай үшін өз жауапкершілігімнің де бар екенін білемін және сіздерден шын жүректен кешірім сұраймын! Осы күндері менің барлық ойым мен уайымым сіздер туралы болды және солай болады. Сіздерге қайраттылық, ал мамандар мен әріптестеріме мәселенің жедел шешілуін тілеймін", - деп жазған экс-әкім ашық диалог пен сенім үшін шын алғыс білдірді.
1 желтоқсанда президент Сқақовты Павлодар облысының әкімі қызметінен босатқаны белгілі болды. Мемлекет басшысының жарлығымен Олег Крук Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Осы уақытқа дейін облыс басшысының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
Еске салсақ, 27 қарашаға қараған түні 30 градустық аязда Павлодар облысындағы Екібастұз жылусыз және ыстық сусыз қалды.
Қалада жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жылу орталығында алты қазандық жұмыс істеп тұр, тағы төрт қазандық резервте тұр.