Алматы тұрғынын таспен ұрып өлтірді

© Sputnik / Табылды КадырбековТөбелес, архивтегі фото
Төбелес, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 29 қараша – Sputnik. Алматы қаласында үш жұмысшы ер адамды ұрып өлтірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, 48 жастағы ер адам түнде досын шығарып салған. Сол кезде жақын жерде жұмыс істеп жүрген үш ер адам оны соққыға жығып, таспен ұрып өлтірген. Үшеуі де мас болған.
Алматы қалалық полиция департаменті бір күдікті ұсталғанын хабарлады.
"Тәртіп сақшылары осы қылмысты жасады деген күдіктіні ізін суытпай ұстады. Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ер адамдар арасында жанжал шығып, төбелес басталып кеткен. Оқиғаның мән-жайы тергеу кезінде анықталады", - дейді департамент мамандары.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмыс үшін сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал төбелеске қатысқан тағы екі ер адам Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша жауапқа тартылып отыр. Бұл бапта 5 000 айлық есептiк көрсеткiшке (15 900 000 теңге) дейiнгi мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жаңалықтар
0