"Қазақ тілін 1 жылда үйрендім": тойларда қазақша ән айтатын афроамерикалық жігітпен сұхбат

© Photo : Абдолла Мохамедтің жеке архивінен алындыАбдолла Мохамед
Абдолла Мохамед  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2022
Жазылу
Абдолла Мохамед Қазақстанға 6 жыл бұрын оқуға келген. Алматыдағы жоғары оқу орнына программист мамандығына оқуға түскен. Ол Sputnik Қазақстан тілшісіне қазақ елінің ерекшеліктері туралы айтты
- Абдолла, қай мемлекеттен боласың? Қазақстанға келу себебің?
- Менің туған жерім Сомали, Сомалиленд мемлекетінің Харгейса қаласы. Өз жерімде түрік лицейін бітірдім. Қазақстанда ол мектеп "Білім - инновация лицейі" деп аталады. Мен сол лицейде білім алдым. Мектеп бітірген соң Түркияға оқуға бардым. Бірақ жолым Қазақстанға түсті. Бұл жақта Сүлеймен Демирел университетіне оқуға түстім. Мамандығым - бағдарламашы.
- Қазақстанның оқу орындары мен білім деңгейі қалай?
- Оқу орындары да, білімі де жоғары. Өзіме қажетті білімді алдым деп айта аламын.
© Photo : Абдолла Мохамедтің жеке архивінен алынды"Алматыда 4 жыл оқыдым"
Абдолла Мохамед  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2022
"Алматыда 4 жыл оқыдым"
- Алматыда 4 жыл оқыдыңыз, ортаға тез үйреніп кете алдыңыз ба?
- Жоқ. Алғаш келгенде қатты қиналдым. Тіпті өз еліме кетіп қалғым келді. Әкем ол ойымды естіп: "Жігіт емессің бе. Біз де жас күнімізде талай қиындықты бастан өткердік. Оқуыңды тастап, Қазақстаннан қайтушы болма!", - деп ескертті.
- Ата-анаңыздың мамандығы қандай?
- Әкем Самолиленд университетінде қызмет етеді, анам үй шаруасымен айналысады. Үйде 11 баламыз. Біз де мұсылманбыз. Аллаға сенеміз, мінәжат етеміз. Біздің ұлтымыз да көпбалалы болуды бақыт деп санайды.
- Қазақ тілін қалай үйрендіңіз?
- Қазақтың жерінде нанын жеп, суын ішіп жүрген соң қалай үйренбейін. Үнемі таксимен жүргенде жауап беріп үйрене бастадым. Білмегенімді сұрап аламын. Естіген сөзімді жаттаймын, мағынасы не, қай жерде айту керек, қалай айту керек екенін үйрене бастадым. Сөйтіп қазақ тілін меңгере алатыныма көзім жетті. Тіпті қалай үйреніп, қалай сөйлеп кеткенімді аңғармай қалдым.
- Демек, Алматы сізге қазақ тілін үйретті?
- Иә, үйретті. Бірақ, өкініштісі, мен Алматыдан дос таппадым. Төрт жыл жалғызсырадым. Маған ешкім жоламады. Мүмкін түрім қара болғандықтан шығар. Соңғы жылдары мені өзіне жақын тартып, жақсы араласатын адамдар кездесті. Олар - шымкенттіктер. Мені еш алаламайды, қасына ертіп алады. Бәрі мейірбан, қайырымды болып көрінді. Шымкент деген қандай жер деп көргім келді. Оқуымды бітірген соң Шымкентке бардым.
© Photo : Абдолла Мохамедтің жеке архивінен алынды"Төрт жыл жалғызсырадым"
Абдолла Мохамед  - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2022
"Төрт жыл жалғызсырадым"
- Қазір шырайлы Шымкенттесіз, қандай кәсіппен айналысасыз?
- Иә, Шымкенттемін. Халқы біздің Сомалилендтің халқы сияқты. Өмірі де сондай ұқсас. Кімнің үйіне кірсең де, өз үйің сияқты. Осы жақта дос баламның үйінде тұрамын. Мен сол отбасының бір баласы сияқтымын. Ағылшын тілі курсын аштым. Оқушыларға ағылшын тілін үйретемін. Бір қызығы - бұл жақтың балалары өте ұялшақ.
- Абдолла, естуімізше сіз тойларда ән айтасыз?
- Тойларда ән айтамыз. Көбіне қазақша әндер орындаймын. "Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын", "Шудың бойында", "Тараз шаһардан Шымкент шаһарға", "Қызыл раушан" сияқты көптеген әнді орындаймын. Әр тойда әртүрлі. Мысалы, қыз ұзатуда қыздарға қатысты әндерді көп айтамын. Құдалықтарға да жиі шақырады.
- Біздің елмен Сомалиленд елін құда ету ойыңда жоқ па? (Қалжыңдап сұрақ қойдық)
- Бұл жақта түрік қызымен үш жыл дос болдым. Сондай жақсы көрдім. Бір үйдің жалғыз қызы еді. Кейіннен анасы қарсы болды. Өйткені мен ол қызды өз еліме алып кететінімді айттым. "Жалғыз қызымды жер түбіне қалай жіберемін? Екі-үш қызым болса, рұқсатымды берер ем, жалғызым болғандықтан алысқа кетуіне қарсымын", - деді анасы. Амалсыз қош айтыстық. Маған өте ауыр болды.
- Болашақ арманыңыз қандай?
- Бұйырса өз еліме қайтамын. Әрине, Қазақстанды қимаймын. 6 жылда мен өте бауыр басып кеттім. Өз елім сияқты болып кетті. Қазақтардың мейірімділігі мен жүректерінің кеңдігі үшін бұл елді жақсы көремін. Қай қазақ болсын "қарның ашып тұрған жоқ па?" деп сұрайды. Кез келген адамға бұдан артық жылы сөз керек емес деп ойлаймын.
Жаңалықтар
0