Тоқаев Ресейді логистикалық тізбекті жаңғыртуды жеделдетуге шақырды

© Официальный сайт Президента КазахстанаКасым-Жомарт Токаев
Касым-Жомарт Токаев - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 28 қараша – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі сын-қатер аясында Қазақстан мен Ресей логистикалық тізбекті жаңғыртуды жеделдету керек екенін айтты. Бұл саудадағы және жалпы экономикадағы өсудің жаңа нүктелерін құруға мүмкіндік береді.
Қазақстан президентінің айтуынша, қазір екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін айтарлықтай әлеует бар. Қазақстан ерекше қызығушылық танытып отырған салалардың бірі – кооперациялық ынтымақтастық.
"Бүгінгі таңда бұл салада Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында 30 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны 23 миллиард доллар болатын 110 бірлескен жоба жүзеге асырылды. Бұл елдеріміз арасындағы өнеркәсіптік кооперация үшін өте жақсы көрсеткіш. Заманауи сын-қатерлерді ескере отырып, біз логистикалық тізбекті жаңғыртуды жеделдетуіміз керек.Тек уақтылы қабылданған және батыл шешімдер саудада да, жалпы экономикада да жаңа өсу нүктелерін іздеуге көмектеседі", - деді Тоқаев.
Қазақстан президенті Қазақстанның шекаралас өңірлерінде өнімді өткізудің заманауи және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру мақсатында бүкіл Еуразиялық кеңістік үшін сауда хабтары жүйесі құрылып жатқанын еске салды. Бұл Батыс Қазақстан облысының аумағындағы және Ресей Федерациясымен шекарадағы Еуразияның трансшекаралық сауда орталығы. Тоқаевтың айтуынша, мұндай сауда хабтары Өзбекстан мен Қырғызстан шекарасында, сондай-ақ Қытаймен шекарада да құрылып жатыр.
"Сонымен бірге бұл хабтар Каспий маңы елдерімен, сондай-ақ Түркия және Еуропамен экспорттық-импорттық ағындарды бөлуге қатыса отырып, Ақтау және Құрық порттарымен логистикалық тұрғыдан байланыстырылады.
"Ақтау теңіз порты" АЭА базасында заманауи контейнерлік хаб құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Біз олардың негізінде халықаралық сауда мен өндіріс кластерлерін кешенді дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыс Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл өңір және Ресей үшін қажет әрі тиімді екеніне сенімдімін", - деді Қазақстан президенті.
Көпқырлы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін Қасым-Жомарт Тоқаев шекаралық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі шағын комитет қызметіне бірлескен күш-жігерді жұмылдыруды ұсынды.
Шағын комиссияның негізгі міндеттерінің қатарында ынтымақтастықтың өңіраралық бағдарламаларын іске асыруды үйлестіру кіреді.
"Соңғы отырыс 2019 жылдың қазан айында өтті, бірақ пандемияға байланысты бізде содан бері шағын комиссия аясында отырыс өткен жоқ. Менің ойымша, шағын комиссияның келесі отырысын жақын арада өткізуге болады. Оның үстіне, талқылауды қажет ететін кейбір мәселелер жиналып қалды", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Қазақстан көшбасшысы шекаралық инфрақұрылымды жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекаралық өткелдердің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аударды.
"Бұл жұмысты "Бір белдеу – бір жол" бастамасы, "Солтүстік – Оңтүстік" бағытын қоса алғанда қалыптасып жатқан трансұлттық дәліздерді ескере отырып жүргізу керек және бұл бағыттарды ЕАЭО қызметімен сәйкестендіру қажет деп есептеймін", - деді ол. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығы өсуінің үшінші нүктесі ретінде Қазақстанның тұрақты сауда инвестициялық қатынастарды дамытуға мүдделі екенін атады.
Ол шекаралас аймақтарда автокөлік жолдарын салу, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтарды құру басымдыққа ие екенін баса айтты.
"2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысында "Қызылжар" АЭА құрылды. Жақын арада ол жерде экспортқа бейімделген заманауи өндіріс пайда болады. Бұл ЕЭА қызметі Қазақстанның шекаралас аймақтары арасындағы ынтымақтастыққа жақсы серпін бере алады деп ойлаймын. Өңдеудің көп сатысын қажет ететін өнімдерді өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту біз үшін тағы бір басымдық болып саналады", - деді Тоқаев.
Сондай-ақ ол Павлодар, Атырау облыстарында ресейлік кәсіпорындар – алюминий және мұнай-химия кластерлерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалғанын айтты.
"Шекара маңындағы ынтымақтастық, осы бағыттағы кооперация екі елдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін", - деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев өңіраралық және шекаралық ынтымақтастық екі елдің барлық саладағы сындарлы өзара іс-қимылының негізгі платформасына айналуы тиіс екенін атап өтті.
Айта кетсек, Орынборда Қазақстан мен Ресейдің 18-ші өңіраралық форумы өтіп жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуден бейнебайланыс арқылы панельдік сессияға қатысты.
Жаңалықтар
0