Сенат депутаттығына кандидат 900 мың теңге жарна төлейді

© Sputnik / Владислав ВодневҚазақстан парламенті сенатының ғимараты
Қазақстан парламенті сенатының ғимараты - Sputnik Қазақстан, 1920, 28.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 28 қараша – Sputnik. Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 14 қаңтарға белгіленген сенат сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбесін бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Сенат депутаттарының сайлауы 2023 жылы 14 қаңтарда өтеді.
Орталық сайлау комиссиясының ақпаратынша, кандидаттарды ұсыну 29 қарашадан басталып, 14 желтоқсанда сағат 18:00-де аяқталады.
Депутаттыққа үміткерлерді тіркеу барлық қажетті құжат алынғаннан кейін басталады және сайлау күніне 20 күн қалғанда аяқталады. Яғни 29 қарашада басталып, 24 желтоқсан 18.00-де аяқталады.
Сайлау алдындағы үгіт 24 желтоқсан 18.00-де басталады, 13 қаңтарда 00.00-де аяқталады. 13 қаңтар – тыныштық күні.
Кандидаттар мынадай құжаттар болған жағдайда тіркеледі:
мәслихат ұсынған жағдайда мәслихаттың депутаттыққа кандидат етіп ұсынуы туралы шешім;
өзін-өзі ұсынған жағдайда азаматтың депутаттыққа кандидат болуға келісімі туралы өтініші;
кандидаттың өмірбаяны:
аумақтық сайлау комиссияларының таңдаушылардың кандидатты қолдап қойған қолдарын тексеру нәтижелері туралы хаттамасы:
кандидат пен оның жұбайының кірістері мен мүлкі туралы декларация тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін растайтын құжат.
Бұл ретте сайлау жарнасы 15 ең төменгі жалақыға немесе 900 мың теңгеге тең.

Сенатқа кім депутат бола алады

Констуцияға сәйкес, Қазақстан азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам парламент депутаты бола алады.
Сенат депутатына мынадай талаптар қойылады:
жасы отызға толған;
жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар;
тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын.
Мына адамдар кандидат бола алмайды:
сотталғандығы белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам;
сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам парламенттің, оның ішінде партиялық тізімдер бойынша, мәслихаттардың депутаттығына кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды.
Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну екі жолмен жүргізіледі.
Біріншісі – облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана, қалалық, аудандық мәслихаттар сессияларында. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы сенат депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бірнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкін.
Екіншісі – өзін-өзі ұсыну тәртібімен.
Сенат депутаттарын сайлау таңдаушылардың бірлескен отырысында жүргізіледі.
Егер бірлескен отырысқа тиісінше облыстың барлық мәслихатынан, республикалық маңызы қаланың немесе астана мәслихатынан өкіл болатын сайланған депутаттар санының 50 пайыздан астамы қатысса, ол заңды болады.
Егер сенат депутатын сайлау жөніндегі отырыста болған таңдаушылардың 50 пайыздан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткізілген болып есептеледі.
Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың 50 пайыздан астамының дауысын алған кандидат сайланған болып саналады.
Сенат сайлауының қорытындысын Орталық сайлау комиссиясы 7 күн ішінде анықтайды.
Жаңалықтар
0