Петропавлда кәсіпқой боксшы көршісін өрттен құтқарып қалды

© Sputnik / Руслан Кривобок / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото   - Sputnik Қазақстан, 1920, 26.11.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 26 қараша – Sputnik. Петропавлда кәсіпқой боксшы өрттен ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Төтенше жағдай 24 қарашаға қараған түні болды. Петропавлдағы "Жұмысшы" кентінде тұрғын үй өртенген.
"Өрт сөндірушілер келгенге дейін үй иесін – 1951 жылы туған ер адамды көршісі, қарама-қарсы үйде тұратын кәсіпқой боксшы Евгений Павлов өрттен алып шықты", - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Үйден шыққан өртті көрген Евгений үй маңындағы "Газельге" жүгіріп барып, адамдардың назарын аудару үшін дабыл жұмысын қосады. Сосын жанталаса үйдің есігін ашып, кірмек болғанымен жалын мен қою түтіннен аттап баса алмайды. Бас киімін суға малып алып, аузы-мұрнын тұмшалап түтіннен қорғанып, үйге кіреді.
"Түтіннің қоюлығы соншалық, Вити ағайдың сұлбасын 4-5 метр қашықтықта әрең ажырата алдым. Ол маған қарай келеді екен. Мен де оған қарсы еңбектеп бардым да есікке дейін тартып алдым. Бірден үйімізге алып келдік, қажетті көмек көрсеттік, көп ұзамай өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем келді. Бақытымызға орай, Вита ағайға медициналық көмек қажет болмады", - деп еске алды сол түнді Евгений.
Айта кетері, Евгений Павлов 23 жаста. Бірақ жастығына қарамастан, ол спорт әлемінде танымал тұлға. Бокстан Қазақстан құрамасының құрамында әуесқой чемпионаттарға, көптеген турнирге қатысты. Ол 2016 жылғы әлем чемпионатына қатысқан, 2020 жылы кәсіби боксқа ауысты. Сол кезден бастап сегіз жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті (оның ішінде алты нокаут). WBA international белбеуінің иегері және ЦИО әлемдік рейтингінде жетінші орында тұр.
Өрт сөндірушілер Евгенийдің өртке қарсы кәсіби дағдысына таңғалғандарын жасырмады, оның тез және жылдам әрекеті мақтауға тұрарлық дейді мамандар.
Жаңалықтар
0