Республикалық жас пианистер байқауының жеңімпазы 3 млн теңге алды

© Sputnik / Владимир Астапкович / Медиабанкке өтуАрхивтегі фото
Архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 24 қараша – Sputnik. Елордада Astana Piano Passion республикалық жас пианистер байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды мәдениет және спорт министрлігі.
Бұл байқау республикада бірінші рет ұйымдастырылды. Оған 7 жастан 17 жасқа дейінгі жас таланттар қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша алматылық 15 жастағы Жұлдыз Ержеңіс "Astana Piano Passion" Гран-при иегері атанып, 3 000 000 теңге ұтып алды. Сондай-ақ оған "Астана Опера" театрының камералық залында жеке концерт ұйымдастыруға немесе әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық концертке қатысуға мүмкіндік берілді.
"Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – еліміздегі жас таланттарды қолдау, олардың шығармашылығына жол ашу. Бүгін жеңімпаз атанған ұл-қыздарымыз болашақта әлем сахнасын бағындыра алатынына сенімдімін. Алдағы уақытта іс-шара ауқымын бұдан да кеңейтуіміз керек. Себебі музыкада шекара болмайды, кез келген әуеннің тілі барша халыққа ортақ. Бүгін марапатқа ие болған жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын", - деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Гала-концертте.
Іріктеу кезеңіне 112 бала қатысып, 59-ы жартылай финалға өтті. Қазылар алқасы еліміздің барлық облыс орталығына барып, іріктеу турларын және балаларға арналған шеберлік сабақтарын өткізді. Қазылар алқасы құрамында еліміздің көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ фортепиано өнері саласындағы халықаралық байқаулардың лауреаттары болды.
Байқау қорытындысы бойынша жас ерекшелігіне сәйкес үш топ арасында I, II және III орын иегерлері анықталды. Үздік музыканттарға ақшалай сертификаттар табысталды.
Жаңалықтар
0