Алматылық зейнеткер бар дүние-мүлкінен айырылды

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуWhatsApp мессенджері
WhatsApp мессенджері  - Sputnik Қазақстан, 1920, 24.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 24 қараша – Sputnik. Алматыда зейнеткер алаяқтың кесірінен бар дүние-мүлкінен айырылды. 67 жастағы әйел полицияның атын жамылған белгісіз адамдарға 40 миллионнан астам теңгені аударып жіберген.
Ақшаны табу үшін Әспет Күзембаева қаланың қақ ортасындағы төрт бөлмелі пәтері мен көлігін арзан бағаға сатып, банктен несие де алыпты. Әдеттегі тәсілмен талай адамды тақырға отырғызған күдіктілер ұсталды. Қазір тергеу жүріп жатыр, деп хабарлады КТК.
Әспет Күзембаева алаяқтардың арбауына түскенін қорқынышты түсіндей есіне алды. Зейнеткерге өзін полиция полковнигімін деп таныстырған бейтаныс адам қоңырау шалып, өміріңіз бен дүние-мүлкіңізге қауіп төніп тұр, арнайы операция жүргізу керек деген.
Ары қарай 67 жастағы әйел төрт бөлмелі пәтері мен көлігін сатып, банктен несие алған. Сосын 40 миллион теңгеден астам қаражаттың бір бөлігін алаяқтар айтқан арнайы шотқа аударып, қалған бөлігін қолына ұстата салған.
"Банктен несие аласыз, ақпараттың барлығы банктен кетіп отыр" деді. Банктен барып 850 мың теңге алдым. "Енді сіздің көлігіңізді тексеруіміз керек. Автоломбардтардың нөмірін жіберемін, тез сатыңыз" деді. 3 миллион 200 мың теңгеге 2014 жылғы көлігім "Хюндай акцентті" сатып жібердім. Ақшаны Ұлттық банк банктен шот берді. Сол шотқа аударып жібердім. "Енді пәтеріңізбен айналысамыз" деді. Пәтерді 37 жарым миллионға саттым", - дейді Алматы тұрғыны Әспет Күзембаева.
Басындағы баспанасы мен астындағы темір тұлпарын сатып жібергенін зейнеткер тірі жанға айтпаған. Жалғыз қызы да анасының алаяқтардың құрығына іліккенін "тым кеш білдім" деп отыр.
"Менің анам алаяқтар алдаған уақытта қатты өзгеріп кетті. Телефонды алмады. Телефонын тығып жүрді. Жүйкесі тозып жүрді. "Араласпа, ол менің өмірім, барлығы жақсы болғанда айтып беремін" деді. Ең соңында тергеуші мамамды іздеп, күйеуіме хабарласқанда ғана білдік", - дейді Жұлдыз Күзембаева.
Салы суға кеткен Әспет Күзембаева сатып жіберген пәтерінен көшіп те үлгермеген. Себебі, жаңа қожайын ешкімге ескертпей есіктің құлпын ауыстырып жіберіпті. Ал қызы мен анасы бұл әрекеті үшін үйдің иесін сотқа бермек.
"Арыз түсіреміз. Шартты жарамсыз қыламыз. Себебі, бұл пәтер 49 миллион деп сатылымда тұрған. Алаяқтардың айтқанымен пәтер арзан кетті. Екіншіден, бұл кісі анамызды күн суықта далада қалдырғаны үшін, құлыпты ауыстырып, киімкешекті алуға рұқсат бермегені үшін заң аясында жауапқа тартамыз", - дейді жәбірленушінің қызы.
Полиция оңай олжаға құныққан алаяқтардың қолға түскенін мәлімдеді. Үш күдікті зейнеткерден бөлек, тағы бірнеше адамды алдап кеткені анықталып жатыр.
"Аталмыш қылмысқа қатысы бар үш күдікті қолға түсті. Оның бірі – Ресей Федерациясының азаматы. Тағы екеуі біздің отандастар. Олардың тағы да екі қылмысқа қатысы бар екені дәлелденуде. Қазір тергеу жалғасып жатыр", - дейді Алматы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Тәртіп сақшылары қоңырау шалған белгісіз адамдарға ағынан жарылып, жеке басы туралы мәлімет бермеуді ескертеді. Өйткені қазір телефон арқылы іші-бауырыңа кіріп, тақырға отырғызатын әккі айлакерлер көбейген.
Жаңалықтар
0