Халықаралық істердегі тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ - Тоқаев
20:33 23.11.2022 (жаңартылды: 20:37 23.11.2022)
© Photo : Пресс-служба Президента Республики КазахстанҚасым-Жомарт Тоқаев
Жазылу
АСТАНА, 23 қараша - Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты.
Мемлекет басшысы ҰҚШҰ аясындағы ынтымақтастықтың түрлі бағытына қатысты еліміздің ұстанымын жеткізді. Ұйымға мүше елдер басшыларының қорытынды кездесуі күрделі геосаяси қайшылықтар мен бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер жағдайында өтіп жатқанын айтты.
"Халықаралық істерде күшейе түскен тұрақсыздық ҰҚШҰ кеңістігін де айналып өткен жоқ. Біздің аймақта бүкіл Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылыққа, қауіпсіздікке нұқсан келтіретін жанжалдар әлі де жалғасып жатыр. Мұндай жағдайда ашық, шынайы, конструктивті диалогты сақтау және дамыту өте маңызды. Бұл – күрделі дағдарыстар мен қайшылықтардан шығудың тиімді әрі оңтайлы жолы", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Армян-әзербайжан қақтығысы
Президент армян-әзербайжан қақтығысын дипломатиялық жолмен реттеуге бағытталған шараларды қолдады.
"Армения мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне бәріміз де мүдделіміз. Ресей тарапының бітімгерлік әрекеттері армян-әзербайжан қақтығысын тек саяси-дипломатиялық жолмен шешуге және екі жақтың бейбіт келісімге қол қоюына мүмкіндік береді деп үміттенеміз", - деді мемлекет басшысы.
Ауғанстандағы ахуал
Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы жағдайға арнайы тоқталды.
"Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз", - деді президент.
"Бұл мемлекеттегі жағдайды реттеу жолдарын қарастыру – ҰҚШҰ-ның оңтүстік шекараларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі факторларының бірі. Қазақстан осы елдің өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешу үшін Ауғанстан басшылығымен өзара ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті. Біз Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетіп келеміз", - деді президент.
Мемлекет басшысы ұйым аясындағы іс-әрекетті одан әрі дамытуға байланысты бірқатар ұсыныс айтты. Соның ішінде ҰҚШҰ-ның бітімгерлік әлеуетін дамыту мәселесін жуық арадағы басымдық ретінде атап өтті.
Қазақстан ұстанымы
"Қазақстанның аймақтағы одақтастарымен және серіктестерімен арадағы достықты, тату көршілікті және өзара тиімді ынтымақтастықты жан-жақты нығайту жөніндегі стратегиялық бағыты өзгермейтінін атап өткім келеді. Біз алдағы уақытта да сіздердің мемлекеттеріңізбен екіжақты және көпжақты форматтағы қарым-қатынастардың жоғары деңгейін сақтауға күш саламыз", - деді президент.