Қоғам

Ірі қалаларға іргелес елді мекендердің мәселесі қалай шешіледі

© Sputnik / Владислав ВодневВывеска на въезде в Нур-Султан
Вывеска на въезде в Нур-Султан - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2022
Жазылу
НовостиTelegram
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Парламент мәжілісі "Агломерацияларды дамыту туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, қазір елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар. Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі.

"Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59 процентке, Алматыда 37%-ке, Шымкентте 67%-ке өсті. Оған қоса, қалалардың аумағы да едәуір кеңейді. Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті", - деді Қуантыров мәжіліс отырысында.

Министр ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблема тудырып отырғанын атап өтті.
Олар – инфрақұрылымның барлық түріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында құрылыстың бейберекет салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы және тағы басқа да проблемалар.
"Аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік-құқықтық базаның болмауы. Осыған орай, орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр", - деді Қуантыров.
Осыған байланысты ұлттық экономика министрлігі тиісті заң жобаларын әзірледі. Негізгі заң жобасында "агломерация" терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі. Агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни ұлттық экономика министрлігі қалыптастырады. Ол үкімет қаулысымен бекітіледі.
Сонымен бірге, елді мекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары министрліктің бұйрығымен бекітіледі.
Агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері – орталық қаланың әкімшілік мәртебесі; демографиялық сыйымдылық; логистикалық әлеует; экономикалық әлеует. Агломерация халық саны 500 мың адамнан асатын орталықтан және өзара күнделікті еңбек және өндірістік байланыстары бар қала маңындағы аймақтан тұрады.
"Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес "агломерациялар" ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалады. Заң жобасымен агломерацияларды басқарудың жаңа моделі енгізілуде. Аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. Олар агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс істейді", - деді ведомство басшысы.
Әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге қатысады. Агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылады.
Заң жобасы аясында өңір әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беру көзделіп отыр. Іргелес облыстардың әкімдіктеріне астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қаржыландыратын әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу үшін агломерация аумағында жер учаскелерін резервтеу жөніндегі құзыретті беру көзделеді.
Сонымен қатар, заң жобасында бес жылдық кезеңге Агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу ұсынылған. Бұдан бөлек, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарының қала құрылысын жоспарлау, көлік инфрақұрылымын жоспарлау, сәулет және құрылыс қызметі, бюджеттік процестерді іске асыру саласындағы өкілеттіктері кеңейтіледі.
Агломерация аумағында орнықты инфрақұрылымды дамыту жобаларын қаржыландыру үшін Алматы қаласының әкімдігіне сыртқы қарыз алу құқығын беру жоспарланған. Бір деңгейдегі бюджеттерге өзара іс-қимыл жасасуға рұқсат беріледі. Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Жаңалықтар
0