Алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтіледі – мәжіліс заң жобасын мақұлдады

© Sputnik / Владислав ВодневСот
Сот - Sputnik Қазақстан, 1920, 23.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 23 қараша – Sputnik. Парламент мәжілісі алқабилердің қатысуымен қарайтын істер санатын кеңейту туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Енді азаптауға қатысты істерді де алқабилер қарайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мәжіліс депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Берік Бекжановтың айтуынша, алқабилер соты қоғамның құқықтық сауатын арттыруға, сотқа деген сенімнің артуына, азаматтардың сот билігіне тікелей араласуына ықпал етеді.

"Бүгінгі күнге дейін алқабилер сотталушының қалауымен өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген аса ауыр қылмыс жасалған істерді қарауға ғана қатысып келді. Енді 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап алқабилер соты қарайтын істер санаты кеңейтіліп, аса ауыр қылмыстардың 31 құрамы алқабилер сотының қарауына беріледі", - деді Бекжанов мәжіліс отырысында.

Алқабилер сотының құзыретін кеңейтуді қарастыру барысында қылмыстың санатына емес, оның қоғамдағы маңыздылығына көңіл бөлінеді.
Атап айтқанда, заң жобасында қоғамда үлкен резонансқа айналған жүргізушілердің жол қозғалысы немесе көлiк пайдалану ережесін бұзуы салдарынан, алкогольдік, есірткілік масаң күйде абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан істер құрамын алқабилер сотының құзыретіне беру көзделген.
Сонымен қатар, депутат жыл басында болған қаңтар оқиғасын ескеріп, азаптауға қатысты істер де ерекше назарға ие болғанын атап өтті.
"Мемлекет басшысы азаптауға қатысты істер бойынша бейтарап және объективті тергеу жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл қылмыстардың саны да жылдан жылға өсіп жатқаны байқалады. Сондықтан бұл істерді қарауды алқабилерге беру – қоғам талабына сай шешім", - деді Бекжанов.
Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Сондықтан халық иелік ететін меншікке залал келтіру, браконьерлікке қатысты істерді де енді алқабилер қарайды.
"Заң жобасымен 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 11 ауыр және 2 ауырлығы орташа қылмыстардың қаралуын алқабилерге беру ұсынылады", деді депутат. Мәжіліс заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, сенаттың қарауына жолдады.
Жаңалықтар
0