Денсаулық

Халық саны 50 адамнан аспайтын ауылдардың өз медицина қызметкері болады

© Sputnik / Николай Хижняк / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 22.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 22 қараша – Sputnik. Халық саны 50 адамға дейінгі ауылдарда медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін тұрғындар саны 50 адамнан аспайтын ауыларда денсаулық сақтау мекемесі де, медицина қызметкері де болмайтын. Ал биыл ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді.
"Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады. Ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үш адамға дейін ұлғайтылады, сонымен қатар фельдшерлік-акушерлік пунктер ашуға болады", - деді Ғиният үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына инвентаризация жүргізілді. Нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық объекті жоқ, 400-ге жуық нысан жалдамалы, апатты, бейімделген ғимараттарда орналасқан. Медициналық инфрақұрылымның 50 пайызы тозған.
Осыған байланысты ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсартуға арналған "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" жобасы әзірленді.
Жоба үш міндетті қамтиды:
Бірінші – жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын: медициналық пунктерді, фельдшерлік-акушерлік пунктерді, дәрігерлік амбулаторияларды салу арқылы барлық ауылды медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету.
Екінші – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру.
Үшінші – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.
Өңір әкімдіктерімен бірлесіп 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісінің, соның ішінде 253 медициналық пунктің, 160 дәрігерлік амбулатория мен 242 фельдшерлік-акушерлік пунктің құрылысы бойынша дайындық жұмыстары басталды.
Жаңалықтар
0