Петропавлда жаңа көпбейінді спорт сарайы салынады
22:38 20.11.2022 (жаңартылды: 12:47 09.08.2023)
© Sputnik / Мария Плотникова
/ Жазылу
АСТАНА, 20 қараша – Sputnik. Петропавлда баскетбол, гандбол, волейбол және басқа да командалық спорт түрлеріне арналған спорт сарайы салынады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Әбіләлиев құрылыс саласындағы инвестициялық жобаларға онлайн-тур барысында мәлімдегендей, жалпы ауданы 33 мың шаршы метрді құрайтын көпбейінді спорт сарайында 17 зал мен қосалқы бөлмелер болады.
"Негізгі блокта 3 124 көрерменге арналған трибуналы бар әмбебап спорт залы орналасады. Бұл алаңда шағын футбол, волейбол, баскетбол, гандболдан ірі жарыстарды, сондай-ақ концерттер мен ойын-сауық шараларын өткізуге болады. Технологиялық тұрғыдан нысан бір уақытта бірнеше іс-шара өткізуге мүмкіндік беретін дербес функционалды аймақтарға бөлінеді", - деді Әблалиев.
Жобаны жүзеге асыру 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде құрылысқа 8,3 гектар жер учаскесі белгіленді.
"Бүгінде жоба толығымен әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өту сатысында тұр", - деді әкім орынбасары.
Айта кетері, Петропавлда мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар алғашқы Спорт сарайы 2015 жылдың қазан айында ашылды. Оған Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың есімі берілді.
Ғимараттың жалпы ауданы шамамен 15 мың шаршы метрді құрайды, яғни жаңа спорт сарайы одан екі есе үлкен болады.
Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Эктова өңірдегі спорт саласындағы түйткілді мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ол қалада спорт нысандарының жетіспейтінін атап өтті. Ол Александр Винокуров атындағы спорт сарайында түрлі спорттағы тәрбиеленушілер бірге жаттығуға мәжбүр екенін айтты.
"Қазіргі уақытта ғимарат ішінде жарыстарға жақсы дайындалуға мүмкіндігіміз бар. Бірақ бір ғана ғимарат бар, ал спорт түрі көп. Жалпы бұл зал жеңіл атлетика спортшылары үшін арнайы салынған, кешеннің екінші бөлігі қысқы спорт түрлерімен айналысуға арналған. Алайда жарыстар көбінесе осы паркетте өтеді. Оның ішінде волейбол, футбол және жекпе-жек жарыстары да бар", - деді Ирина Эктова.
Ол спортшылардың бір алаңда бес немесе одан да көп спорт түрі бойынша бір уақытта жаттығатынын атап өтті: волейболшылар, жеңіл атлеттер мен гимнастшылар бірге жаттығады, хоккейшілер мен балуандар жүгіру жаттығуларына келеді.
"Менің ойымша, егер бұл жеңіл атлетика базасы болса, ол жеңіл атлетика, егер бұқаралық спортқа арналған болса, онда бұқаралық спорт нысаны болуы керек. Бір кешен жеңіл атлетикаға, екіншісі ойын спортына арналған болса жақсы болар еді", - деп түйіндеді спортшы.
Сондай-ақ Сәтжан Әбіләлиевтің айтуынша, Петропавлда "Қарасай" стадионы қайта жаңғыртылады.
"Футбол матчтарын UEFA стандарттарының барлық нормасы мен талабына сәйкес өткізу үшін стадионды реконструкциялау қажеттілігі туындады. Бүгінгі таңда қайта құру жобасы әзірленіп, мердігер анықталды. Жобада футбол алаңын жылыту мен автоматты суару, жарықтандыру жабдығы, дыбыс құрылғылары мен электронды табло орнату қарастырылған", - деді Әбіләлиев.