Ерейментауда жел электр станциясы салынып жатыр

© Photo : акимат Акмолинской области Ерейментаудағы жел электр станциясы
Ерейментаудағы жел электр станциясы - Sputnik Қазақстан, 1920, 19.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 19 қараша – Sputnik. Ақмола облысында "жасыл" және ресурс үнемдеуші технологияларды пайдалану бойынша 8 жоба жүзеге асырылуда.
Жалпы 13 жоба қолға алынған. Тартылған инвестиция көлемі шамамен 285 млрд теңге, деп хабарлады "Астана" арнасы.
Ақмола өңірінде 9 жыл бұрын "Родина" агрофирмасы қуаты 750 кВт жел қондырғысын орнатты. 2015 жылы Ерейментау ауданында "бірінші жел электр станциясы" іске қосылды. Ал 2019 жылы жел электр станциясының алғашқы кешені бой көтерді.
"Бүгінгі таңда өңірде 13 жоба қолға алынған. Оның 8-і Аршалы, Ерейментау, Целиноград аудандарында іске асырылған. Енгізілген энергия нысандарының белгіленген қуаты шамамен 280 МВт құрайды", - дейді Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.
Ерейментау ауданында құны 27 млрд теңге болатын жел электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңында пайдалануға беріледі.
Ал Аршалы ауданында құны шамамен 98 млрд теңге болатын 206 МВт жел электр станциясы салынбақшы.
"Өндіріс қуаттылығы жылына 100 МВт. 29 генератор салынды. Бұл жоба бір оқпен екі қоянды атуға мүмкіндік беріп отыр. Біріншіден, экономикалық жағынан тиімді болса, екіншіден екі қолға бір күрек таппай отырғандарды еңбекпен қамтиды. 300 жұмыс орны құрылды. Жел электр станциясы Астана қаласын энергиямен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ, бұл кәсіпорын ауданға 84 миллиард теңге инвестиция құйып, аймақтың дамуына үлкен қолдау көрсетуде", - дейді Аршалы аудандық ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Самат Еңсебаев.
Өңірде баламалы энергия өндіретін кәсіпорындардың саны аз болғанымен, баламалы энергетиканың дамуы бұл салаға жаңа серпін береді, дейді сала мамандары. Қазірдің өзінде электр энергиясының жартысына жуығын жаңа нысандар өндіріп отыр. Алдағы уақытта оның үлесі әлі де көбейе түспек.
Жаңалықтар
0