Дәрігерлер Петропавлдағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты

© PhotoТехникалық қызмет көрсету станциясындағы жарылыс
Техникалық қызмет көрсету станциясындағы жарылыс - Sputnik Қазақстан, 1920, 18.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 18 қараша – Sputnik. Петропавлда дәрігерлер техникалық қызмет көрсету станциясындағы жарылыстан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Кеше сағат 16:47-ден бастап жедел жәрдем көліктері техникалық қызмет көрсету станциясындағы газ баллонының жарылуынан күйік жарақатын алған тоғыз адамды көпбейінді қалалық аурухананың жедел жәрдем бөліміне жеткізді. 1-3 дәрежелі күйік жарақатын алған төрт адам білікті көмек көрсетіліп, тиісті нұсқаулар берілгеннен кейін үйіне жіберілді. Олардың негізінен қолы мен беті күйіп қалған", - деп түсіндірді көпбейінді қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Валерий Грибашов.
1-3 дәрежелі термиялық күйік алған бес зардап шегуші ауруханаға жатқызылды: төртеуі – жарақат бөлімінде, біреуі – жақ-бет хирургиясында жатыр.
"Науқастардың жағдайы орташа, тұрақты. Олар терең күйік жарақатын алғандықтан ауруханаға жатқызылды. Бұл жаралар өздігінен жазыла ма, әлде хирургиялық ем, яғни, тері пластикасы отасы, тері ақауын бітеу отасы қажет пе, жоқ па, ол емдеуден кейін белгілі болады. Негізінен науқастардың барлығының беті, аяқ-қолы күйген, жамбас, білегі күйгендері де бар", - деді Грибашов.
Оның айтуынша, зардап шеккендердің барлығы дене терісінің 10%-не дейін күйік алған. Үйіне қайтуға рұқсат берілгендерде бұл 3-4%. Мұны ғажайып деуге болады. Өйткені мұндай жарылыс салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін, дейді дәрігер.
"Олардың жолы болды. Себебі, газ баллонының мұндай жарылысы кезінде жоғарғы тыныс жолдары да күйіп қалуы мүмкін. Ал бұл өте ауыр жарақат саналады", - деді Валерий Грибашов.
Еске салсақ, 17 қарашада сағат 16:16-да құтқарушыларға техникалық қызмет көрсету станциясының ғимаратында жарылыс болғаны туралы ақпарат келіп түскен. Газ-ауа қоспасы жарылып, ғимарат қабырғалары опырылып құлаған. Алдын ала болжам бойынша, техникалық қызмет көрсету станциясының ішінде орналасқан жеңіл көлікте орнатылған газ баллоны жабдығы жарылған.
Өрт аумағы 100 шаршы метрді құрады. Оқиға орнында жедел жәрдем дәрігерлері 9 адамға көмек көрсетті. Олар әр түрлі ауырлықтағы жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Жаңалықтар
0