Қоғам

Қытай елшісі Қазақстанмен шекарадағы кептеліс туралы айтты

© Sputnik / Табылды Кадырбеков / Медиабанкке өтуГраница
Граница  - Sputnik Қазақстан, 1920, 16.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 16 қараша – Sputnik. Қытайдың Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо Қазақстан – Қытай шекарасындағы кептелістердің себебін түсіндірді.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясы және бүкіл әлемде қытай тауарларына сұраныстың артуы тауарларды жеткізудің кешігуіне себеп болды.
"Бұл жерде ешқандай геосаясат жоқ. Қытайдың коронавирусқа қарсы өте қатаң шектеулер енгізуімен байланысты шекарада да шектеулер енгізілді. Бұл осыған байланысты. Сонымен қатар, бұл жағдай Қытайдың шет мемлекеттерге экспортының қарқынды өсуімен де байланысты болып отыр. Сондықтан мұндай жағдай тек Қазақстан шекарасында ғана емес, Ресеймен, Моңғолиямен, оңтүстік көрші елдермен шекарада да байқалады", - деді елші Астанада өткен стратегиялық бастамалар форумы барысында.
Чжан Сяо пандемия жағдайында түрлі елдерде қытай тауарларына сұраныс еселеп артып жатқанын, ал шекарадағы инфрақұрылым 10-20 жыл бұрынғы қалпында қалып қойғанын және Қытай экспортының қарқынды өсуіне байланысты тиісті шараларды жылдам орындауға қабілетті болмай отырғанын түсіндірді.
"Осындай жағдай қалыптасты. Қытай мен Қазақстанның бұл мәселеге жауапкершілікпен және өзара түсіністікпен қарағаны жақсы болды. Мәселе шешіліп жатыр. Мен Қазақстан билігімен үнемі байланыстамын және жағдайдың айтарлықтай жақсарып келе жатқанына барлығын сендіре аламын. Менің ойымша, мұндай жағдай жақын уақытта қайталанбайды", - деп түйіндеді елші.
Еске салсақ, қазақстандық жүк тасымалдаушылар Қытаймен шекарада осымен екінші жыл кептелісте тұруға мәжбүр. Егер, 2021 жылы коронавирус пандемиясы басты себеп болса, енді жүк тасымалының артуы мен тозған инфрақұрылым қиындық тудырып тұр.
Проблемалардың ауқымын үкіметаралық келісімдердің деректері айшықтап тұр: 1 қарашада Қазақстан мен Қытай бір теміржол және 9 автожол пунктінің өткізу қабілетін 8 есеге арттыруға келісті.
Жаңалықтар
0