Ұлттық валюта күні: теңгеге - 29 жыл

© Sputnik / Абзал КалиевТеңге
Теңге - Sputnik Қазақстан, 1920, 15.11.2022
Жазылу
Бүгін – Қазақстанның ұлттық валютасының күні. Sputnik Қазақстан ұлттық валютаның тарихына шолу жасады

Теңге айналымға қалай шықты

90-жылдары КСРО тараса да, рубль айналымда жүрді. Ал 1993 жылдың шілдесінде Ресейдің Орталық банкі ақша реформасын жасап, кеңес рублін айналымнан шығарып тастады. Барлығы жаңа ресейлік банкноттарға айырбасталды. Бұның бәрі бұрынғы кеңес республикаларының нарығына әсер етті. Баға жылдам өсті, ақша құнсызданды. Бұл гиперинфляцияға және адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкелді.
1993 жылы 12 қарашада ұлттық валюта туралы жарлыққа қол қойылды. Ал 15 қарашадан бастап теңге елдегі есептесетін ақшаға айналды. Басында ұлттық банк бір теңгені мың сомға бағалаған. Артынан оны 500 сомға дейін түсірді. Ескі ақшаны бес күннің ішінде айырбастап тастады. Ұлттық валюта айналымға шыққанда бір долларға шаққанда бағамы 4,75 теңге болған.
Теңгенің алғашқы үлгілерін суретшілер Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымсалы Дүзелханов пен Қайролла Әбжәлелов салған. Валютаға белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар басылды.
Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте - Сүйінбай, бес теңгелікте - Құрманғазы, он теңгелікте – Шоқан Уәлиханов, жиырма теңгелікте - Абай, елу теңгелікте - Әбілқайыр хан, ал жүз теңгелікте Абылай ханның бейнесі сомдалды.
Уақыт өте келе, тарихи тұлғалардың бейнесін алып тастады. Ал 2016 жылы 1 желтоқсанда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 10 000 теңгелік банкнот басылды. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың портреті салынды. Артынан Елбасының бейнесі бар кәдесый монетасы да шықты.

"Теңге" атауының тарихы

Ұлттық валютаның атауын таңдағанда үлкен дау болды. Мамандар оны "алтын", "ақша", "таньга" ("тенга") деп атауды ұсынды. Тіпті, "сом" деп қалдыра салуға бастама көтерілген. Кеңестік банкноттарда рубльді қазақ тіліне солай аударып шығарған. Алайда 1993 жылы Қырғызстан қырғыз сомын енгізгеннен кейін "теңге" атауы қабылданды.
Ортағасырлық түркі күміс монеталардың "денге" немесе "танга" деген тарихи атауы болған. Атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Жүз есе бөлігін "тиын" деп атады.
Ұлттық валютаның өз символы бар (₸). Көрсетілген теңгенің графикалық түрі – транскрипцияда "теңге" сөзі басталатын "т" дыбысын, сондай-ақ "тәңірі" дыбысын білдіретін көне түркі алфавитінің символы. Символ ақша бірлігінің тұрақтылығы идеясын, жоғары әлеуетті, даму динамикасын және Қазақстанның ұлттық экономикасының өсуін білдіреді.

Жүрекке жақын банкнота

Қазақстандықтар теңгенің алғашқы банкноттарын әлі күнге дейін еске алады. "Портреттер" банкнотының бірінші топтамасы:
1 теңге – Әл-Фараби портреті
3 теңге – Сүйінбай портреті
5 теңге – Құрманғазы портреті
10 теңге – Шоқан Уәлиханов портреті
20 теңге – Абай Құнанбаев портреті
50 теңге – Әбілқайыр хан портреті
100 теңге – Абылай хан портреті.
Алғашқы банкноттар Англиядан жеткізілді Ұлттық валютаның алғашқы банкноттары Англияда Harrison&Sons фирмасында басылып шығарылды. Ақша Қазақстанға ұшақтармен жеткізілді, бір апта ішінде 18 рейс орындалды. Ал қағаз тиындар Қазақстанның бағалы қағаздар шығаратын цехте басылды. Қазір жинақталған тәжірибе мен көп жылдық тәжірибенің арқасында Алматыдағы Банкнот фабрикасында банкноттарды шығару толық жолға қойылған.

Отандық монеталар қайда соғылған

Қазақстан теңге сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды. Айналымдағы монеталардың алғашқы өнеркәсіптік партиясы 1998 жылдың қарашасында Қазақстанның монета алаңында шығарылды. Кәсіпорын Ұлттық Банктің түсті металдардан, алтын және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығару туралы тапсырысын орындайды. Бұл әр түрлі номиналдағы циркуляциялық, естелік, коллекциялық монеталар, соның ішінде диаметрі 100 мм және салмағы бір келіге дейінгі "proof" сапасындағы бағалы металдардан жасалған бірегей бұйымдар.
Теңге сарайы мемлекеттік наградалар мен медальдарды дайындаумен де айналысады. Қандай банкноттар мен монеталар айналымда жүр 29 жыл ішінде Қазақстанда теңгенің төрт сериясы шығарылды, алты номиналдағы банкноттар мен жеті номиналдағы монеталар шықты. Қазір банкноттар қатарында 500, 1000, 2000, 5000, 10000 және 20000 теңге бар. Монета қатары 1-2-5-10-20-50, 100 және 200 теңге кіреді.
Айналымға шығарылған барлық банкнот шартты түрде бірнеше серияға бөлінеді:
"портреттер",
"Әл-Фараби",
"Бәйтерек",
"Самұрық".
Ұлттық валюта монеталары шартты түрде үш түрге бөлінеді: циркуляциялық, инвестициялық және коллекциялық. Халықаралық марапаттар Қазақстан банкноттары Халықаралық көрмелер мен конкурстарда жоғары бағаланып келеді.
Мәселен, 2011 жылдан бастап үш жыл қатарынан қазақстандық банкноттар әлемдегі үздік банкнот деп танылды. 2014 жылы түркі жазуына арналған қазақстандық "КҮЛТЕГІН" естелік банкноты Халықаралық банкнот қауымдастығының (IBNS) нұсқасы бойынша 2013 жылдың үздік банкнотына айналды.
Ал Халықаралық валюта қауымдастығы (IACA) 2007 жылы номиналы 10 мың теңгелік банкнотты әлемдегі ең үздік деп таныды. 2016 жылы 20 мың теңгелік банкнот High Security Printing Europe конференциясында марапат алды.
Ол 2015 жылдың үздік аймақтық банкноты деп танылды. Сол жылы IACA оның валюта индустриясындағы ең жақсы техникалық жетістігі үшін марапаттады.
Жаңалықтар
0