Жас мұғалім Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады – тексерістің нәтижесі жарияланды

© Sputnik / Тимур БатыршинМектеп, архивтегі фото
Мектеп, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 12.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 12 қараша – Sputnik. Қарағанды облыстық білім басқармасы жас мұғалімнің бейнеүндеуі бойынша жүргізілген тексерістің нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Осыдан екі күн бұрын әлеуметтік желіде Қарағанды облысындағы Ақбастау ауылына барған жас мұғалім Әлихан Ибраһимовтың видеосы тараған болатын.
Физика пәнінен сабақ беретін маман білім деңгейі өте нашар, ал 11-сыныпта көбейту кестесін білмейтін балалардың бар екенін мәлімдеді. Оқушылар кітапты ежелеп оқиды. Бұдан бөлек, математика, жаратылыстану сияқты пәндерді төменгі және жоғарғы сыныптар бірігіп өтеді. Сонда мұғалім 45 минуттың ішінде физика пәнін бірден 8-ші және 10-сыныпқа өткізуге міндетті.
"Сабақ кезінде жиналыс өткізіп, директордың кабинетіне шақыру мен үшін түсініксіз жағдай. Мұғалімдерді ауданнан келетін комиссиямен әбден қорқытып тастаған. Мен бірден жоспармен жүре алмайтынымды айттым. Себебі балалардың білім деңгейі бір-екі айға емес, екі-үш жылға қалып қойған", - деп атап өтті Ибраһимов.
Сондай-ақ "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша барлық құжат ауданда рәсімделеді. Оған бару үшін біраз уақыт керек. Мектеп директоры оны жеке шаруа деп санайды. Жас мамандар сұрануға немесе ақысыз демалыс алуға мәжбүр.
Осы видеодан кейін 11 қарашада Абай ауданында Қарағанды облыстық білім басқармасы жіберген комиссияның көшпелі отырысы өтті. Жас мұғалімнің бейнеүндеуінде айтылған мәселелер қаралды.
"Бұл жағдай мұғалімнің жұмыс орнында үш күн бойы болмауынан туындаған. Мұғалімді жұмыстан уақытша шеттету туралы шешім қабылданып, түсіндірме хат талап етілген. Дәлелді себептермен жұмыста болмағанын растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін жас ұстаз қызметтік міндетіне кірісті. Бұл ретте А.Ибрахимовты қызметінен босату туралы бұйрық шығарылмаған", - дейді басқарма мамандары.
"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы аясында жас ұстазға көтерме жәрдемақы төленіп, екінші деңгейлі банктен бюджеттік несие берілген.
Іссапар қорытындысы бойынша комиссия мүшелері білім мекемесінің басшылығына жас маманға жан-жақты қолдау көрсетіп, шағын жинақты мектепте қолданылатын оқыту әдістемесін үйретуді тапсырды.
Жаңалықтар
0