Президенттікке кандидаттар қандай уәде берді

© Sputnik / Абзал КалиевСайлауалды үгіт
Сайлауалды үгіт - Sputnik Қазақстан, 1920, 11.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 11 қараша – Sputnik. Президенттікке кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары бір аптадан кейін аяқталады. Одан кейін тыныштық күні болады. Ал жексенбіде қазақстандықтар өз таңдауын жасайды. Осы уақытқа дейін кандидаттар біраз өңірді аралап үлгерді, маңызды бастамаларды іске асыруға уәде берді. Sputnik Қазақстан президенттікке кандидаттардың сайлауалды бағдарламасына шолу жасады.

Жоғары білім тегін болуы керек

Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы ұсынған Қарақат Әбден отбасылық құндылықтарды дамытуға мүдделі. Кандидат бірнеше маңызды бастаманы іске асырамын дейді. Олар:
жас ұрпақты рухани дамытудың арнайы курсын әзірлеп, мектеп бағдарламасына енгізу;
тұрғын үй алу немесе белгілі бір мерзімге пәтер жалдағаны үшін төленетін ақшалай сертификаттар жүйесін енгізу;
жұмыс берушіні кәсіпорындағы жас отбасына қолдауға арналған корпоративтік жарғылар енгізуге міндеттеу;
әйелдердің бала тәрбиелеген уақытын еңбек өтіліне қосу;
барлық студент пен оқушыны тегін жоғары біліммен қамтамасыз ету;
еңбекақы жүйесіне сәйкес шәкіртақы төлеу;
зейнеткерлерге жеңілдетілген тарифтермен саяхаттауға жағдай жасау.
Сондай-ақ Қарақат Әбден отбасылық бизнесті қолдайды.
"Экономикамызды жылжытатын нағыз үлкен дүние осы – отбасылық бизнес. Әр адам, әр отбасы тек мемлекеттен күтіп отырмай, өзі әрекет жасап, істеу керек. Балаларын сол еңбекке үйрету керек деп есептеймін", - деді Әбден Алматы облысына жасаған сапарында.
Кандидат Хэллоуин мерекесін тойлауға үзілді-кесілді қарсы. Суицидпен қарсы күрес бойынша ұлттық жоспар дайындау керек деп санайды.

Оппозиция не дейді?

Қазақстандағы оппозицияның өкілі – Нұрлан Әуесбаев социалистік демократия орнатамын дейді. Ал сайлауалды ұраны - "Бостандық, Әділдік, Ынтымақтастық!".
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының өкілі алдымен саяси реформаларды іске асыруға мүдделі. Оның ойынша, Қазақстан парламенттік-президенттік республика болуы қажет. Ол үшін бірнеше өзгеріс жасау қажет. Олар:
президенттің билік монополиясын тоқтату;
сенатты тарату;
заң шығару және үкіметті жасақтау функциясын мәжіліске беру;
мәжілісте партиялық тізіммен және бір мандатты округтер бойынша депутат сайлауды тең қылу.
Ал сыбайлас жемқорлықпен күрес саласында алдымен барлық шенеунікті кіріс декларациясын ашық жариялауға міндеттеу керек деп санайды. Бұдан бөлек, әрбір елді мекеннің бюджетін ашық көрсетуге күш салмақ. Сонда мемлекет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын онлайн режимінде бақылауға болады. Кандидаттың ойынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеуге БАҚ өкілдері де қатысуы керек. Сондай-ақ жемқорларды мерзімінен бұрын босату құқығынсыз ең жоғары мерзімге жазалау қажет дейді.
Нұрлан Әуесбаев өзінің сайлауалды бағдарламасында халық экономикасын құрудың жолын көрсетті. Ол үшін бірнеше шараны іске асыру керек. Олар:
ұрланған ақшаны оффшордан қайтару;
90-шы жылдары жекешелендіруден пайда тапқан ірі бизнесмендерді өз активтерін орта кәсіпкерлерге бөлуге мәжбүрлеу;
табиғи қазбаларды өндіру және экспорттаумен айналысатын салаларды біртіндеп мемлекет меншігіне алу;
"Самұрық-Қазына" қорының орнына бірнеше салалық мемлекеттік холдингтер құру.
Бұдан бөлек, кандидат ұлттық банктің саясатын қайта қарау қажет деп санайды. Алдымен халықтың мүддесі ескерілуі шарт.

Қазақстанды аграрлық державаға айналдырмақ

Халық арасында кеңінен танылған Жигули Дайрабаев сайлаушылармен кездесудің тың жолын тапты. Ол халықты залда жинап қана қоймай, автобуста адамдармен әңгімелесіп, өзіне дауыс беруге үндеп жүр. Кандидат дала демократиясы, жоғары рухани-адами мәдениет пен қуатты аграрлық салаға негізделген жаңа Қазақстанға қол жеткізуге тырысамын дейді. Ал негізгі мақсаттарын сайлауалды бағдарламасында көрсетті. Олар:
билік халыққа тиесілі дегенді сөз емес, іс жүзінде жүзеге асыру;
ұлттық қорды және зейнетақы активтерін басқаруды барынша ашық ету;
бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғам қайраткерлерінің ықпал ету саласын кеңейту;
ауыл шаруашылығын субсидиялау жүйесін түбегейлі өзгерту;
ауылдық елді мекендерді жаңғырту жөніндегі ұзақ мерзімді ұлттық стратегияны заң деңгейінде қабылдау;
адал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілер мен олардың қызметкерлерін құқықтық қорғауда президенттік кепілдік беру;
ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттыру;
қала тұрғындарын коммерциялық үстеме бағасыз азық-түлікпен қамтамасыз ету.
"Мен Қазақстан Республикасын алақандай жер де бос жатпайтын, егілетін, әр дастарқан сапалы және бағасы қолжетімді отандық өніммен толатын аграрлық державаға айналдыруға нық бекіндім", - дейді Дайрабаев.
Сондай-ақ Дайрабаев өндірістік, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту кезінде орталық пен өңірлер арасында ортақ игіліктерді тең және әділ бөлу керек деп санайды. Сондай-ақ жеңіл ақшаға деген шамадан тыс құштарлықты азайтуға мүдделі. Ал жемқорлыққа қарсы күресті адамдардың өзінен, олардың рухани-адами тәрбиесінен бастау керек дейді.

Күшті аймақтар – күшті республика!

"Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігінің кандидаты Мейрам Қажыкен өзінің сайлауалды бағдарламасында барлығына тең мүмкіндік беруді көздейді. Әсіресе, жастарға ерекше басымдық беріп отыр. Белсенді азаматтық ұстанымы бар заманауи адамды қалыптастырғысы келеді. Мемлекеттік тілді дамыту үшін жүйелі, кейбір жағдайда қазақ тілін қолдануды талап ететін шараларды жүзеге асырмақ.
Кандидаттың пікірінше, балаларды отбасының әлеуметтік мәртебесі бойынша саралауға алғышарт болатын мектептерді қарапайым және элиталық деп бөлуді доғару керек. Себебі адамды бала кезінен түрлі әлеуметтік сипаттар бойынша бөлу тәжірибесі оның жеке тұлға болып қалыптасуына теріс әсерін тигізеді. Ал білім беру ұйымдарын зияткерлік мектептерге жатқызуда қатаң және жоғары талаптар болуы шарт.
Қажыкен орталық мемлекеттік органдардың функцияларын барынша қысқартып, аймақтарға көбірек басымдық беру керек деп санайды. Күшті аймақтар болса, мықты республика болады. Ол үшін халық барлық деңгейдегі әкімді сайлап отыруы қажет.
Кәсіподақтардың кандидаты осы саладағы ұйымдарды тиімді күшке айналдыруға мүдделі. Себебі көптеген кәсіподақ ұйымы, оның ішінде республикалық және салалық деңгейдегі басшылар өз мүшелерінің мүддесін қорғауға қабілетсіз. Ал заңға өзгеріс енгізілгеннен кейін кәсіподақтар тәуелсіздікке қол жеткізіп, саяси шешімдерді қабылдауға қатысады.
Қажыкен кәсіпкерлер ұйымдары туралы заңды қабылдауға да уәде беріп отыр. Осылайша, мықты әрі тәуелсіз кәсіпкерлік ұйымдар олигархиялық бизнеске тосқауыл болады.

"Әділетті Қазақстан жасаймыз!"

Қазақстанның қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламамды өзім жазып шықтым деп отыр.
"Мен ұсынып отырған бағдарлама "Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін" деп аталады. Оның әр тармағын өзім жаздым. Бұл бағдарлама менің жүрегімнен шықты деп айтсам, артық болмайды. Біздің бір ғана мақсатымыз бар. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру", - дейді Тоқаев.
Сайлауалды бағдарлама үш қағидатқа негізделген.
Олар:
Әділетті мемлекет;
Әділетті экономика;
Әділетті қоғам.
Тоқаевтың айтуынша, елімізде әлеуметтік салада, экономика мен саясатта көп жүйелі проблемалар жиналып қалды, халықтың мемлекет пен билікке деген сенімі төмендеп кеткен. Бұның барлығы еліміздің тұрақты дамуын тежеп отыр. Қоғам әділеттілікті талап етеді. Сондықтан әділдік идеясы мемлекеттік саясаттың басты идеясы болу шарт. Халықтық коалицияның кандидаты барлық ұлттық идеологияны әділдік идеясына негіздеуге уәде етті.
Негізгі жоспарлары:
саяси реформаны аяғына дейін жеткізу;
тек ұлт игілігі үшін жұмыс істейтін мемлекеттік аппарат құру;
қылмыстық қудалауға тап болған азаматтың құқықтарын қорғауды күшейту;
алқабилер соты қарайтын істер санатын кеңейту;
әскери қызметтің беделін, әскери қызметші мәртебесін, Қазақстан армиясының абыройын арттыру;
заңсыз алынып шетел асырылған активтерді елге қайтару жұмысын жандандыру;
шағын, орта және ірі бизнеске лайықты жағдай жасау;
ұлттық қордың кірісі мен шығысын бақылауды күшейту;
азаматтардың нақты табысын ұлғайту;
кәсіпкерлерді негізсіз әкімшілік қысымнан қорғау;
кем дегенде 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тарту;
қымбат тауарларға жоғары салық мөлшерлемесін енгізу;
жалақыны көтерген кәсіпорынды салықтан босату;
ауыл шаруашылығын экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналдыру;
үлескерлер проблемасын толығымен шешу;
оқушы орны мен студенттік жатақхана тапшылығын жою;
барлық бастауыш сынып оқушысын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету;
дәрігер мамандығының мәртебесін заңнамалық тұрғыда бекіту;
ауылды сапалы медицинамен қамтамасыз ету;
халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық қызметке жұмсалатын шығынның кемінде 30 пайызын өтеу.
"Аталған өзгерістің бәрін жақын арада жүзеге асыруға ниеттімін. Халық қолдауы осы мақсаттарға жетудің басты кепілі болады. Көзделген игі өзгерістерді іске асыруға неғұрлым көп азамат қатысса, нәтижеге соғұрлым тезірек жетеміз", - деді Тоқаев сайлауалды бағдарламасында.

Ескі Қазақстанның лауазымды тұлғаларын тексеру керек – Тұрсынбекова

"Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық бірлестігі ұсынған Салтанат Тұрсынбекова өзінің сайлауалды бағдарламасында әділ сот пен тәртіпке басымдық берді. Кандидат алдымен заң үстемдігін орнату керек деп санайды.
Негізгі бастамалары:
әділ соттың тиімді жүйесін құру;
дауларды шешудің баламалы тәсілдерін дамыту;
"Жеке детективті қызмет туралы" заңды қабылдау;
сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламаны әзірлеу;
денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін жазаны күшейту;
тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа заңды қабылдау;
ескі Қазақстанның лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға беру жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру;
мүлкі кірісіне сәйкес келмейтін лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілігін енгізу.
Бұдан бөлек, кандидат қысқа уақыттың ішінде демонополизация бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыратынын айтты. Оған қоса, стратегиялық маңызы бар нысандарды жекешелендірудің заңдылығын тексеру керек деп санайды. Ал арзанға сатылып кетсе, кінәлі адамдар жазаға тартылады.
Жаңалықтар
0