Қоғам

Депутат "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік иесін ауыстыруды талап етті

© Sputnik / Владислав ВодневЮрий Жулин
Юрий Жулин - Sputnik Қазақстан, 1920, 09.11.2022
Жазылу
Мәжілісменнің пікірінше, тергеу аяқталғанға дейін компанияның топ-менеджерлеріне елден шығуға тыйым салу қажет
АСТАНА, 9 қараша – Sputnik. Мәжіліс депутаты Юрий Жулин шахтадағы апаттан кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының топ-менеджментіне қатысты шара қолдануды талап етті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Жулин премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында "АМТ" компаниясына қарасты шахталарда апаттың азаймай тұрғанына назар аударды. Депутат жергілікті менеджерлерді ғана емес, жоғарыдағы басшыларды да жазалауды талап етті.
"Мемлекет пен халық бұл инвесторға ештеңе міндетті емес. Иә, тәуелсіздіктің алғашқы қиын жылдарында ол Карметкомбинат пен шахталарды сатып алып, жұмыс істетті. Бірақ жаңғыртуға, әлеуметтік міндеттемелер мен жұмысшылардың жалақысына ақша үнемдеудің арқасында миллиардтаған доллармен шығынның орнын артығымен толтырды. Егер металлург пен кенші 50 жасында құрметті зейнетке шыға алмаса, бұл қандай жалақы сонда?", - деп ашынды Жулин.
Депутат елде өндірістегі өлім-жітім азайып жатса, "АрселорМиттал Теміртауда" керісінше өсіп бара жатқанын атап өтті. Айтуынша, компания салық жеңілдіктері мен басқа да артықшылықтар түрінде мемлекеттен тұрақты қолдау алды. Мысалы, 2014-15 жылдардың өзінде мемлекеттік қолдау көлемі 50 миллион долларды құраған.

"Осы жылдар бойы Миттал қазақстандық жұмысшыларды аямай жұмсап, кәсіпорындардан ақшаны "сорып" жатыр. Мемлекеттің мүддесін елемей, инвестициялық міндеттемелерді жүйелі түрде бұзады. Мұндай жағдай кәсіпорындар мен тұтас сала үшін теріс салдарға әкеп соғатыны айдан анық", - дейді мәжілісмен.

Кез келген басқа мемлекетте инвестордың мұндай әрекеті баяғыда-ақ онымен келісімшартты бұзуға заңды негіз болар еді, деп жалғастырды сөзін Жулин.
"Осыған байланысты үкімет ұлттық және халықаралық заңнамаға сүйеніп, осы инвестордан өндірісті терең жаңғыртуды, қуаттылықты кеңейтуді, жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды және лайықты еңбекақы төлеуді, сондай-ақ экологиялық нормалардың сақталуын қатаң түрде талап етуге тиіс. Бұл үшін қажетті құқықтық база бар", - деді депутат.
Мәжілісмен Ленин атындағы шахтада болған апатты тергеу аяқталғанға дейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының топ-менеджментін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен қалдырып, барлық жауапкершілікті соларға жүктеу деп санайды.
"Қатардағы менеджерлер мен қарапайым жұмысшыларға жауапкершілікті ысырып тастауды доғару қажет. Егер "АрселорМиттал" одан әрі біздің заңдарымызды құрметтемей, өз міндеттемелерін орындаудан бас тартса, үкіметке меншік иесін ауыстыру мәселесімен мықтап айналысатын кез келді", - деп мәлімдеді Жулин.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлар қызметін қолдау мәселесін де шешу қажет. Кадр тапшылығы мен тұрақсыздығынан өнеркәсіптік кәсіпорындарды мемлекет тарапынан бақылау ақсап тұр.
3 қарашада Шахтинск қаласында Ленин атындағы шахтада дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан жарылды. Артынан өрт шықты. Апат салдарынан бес кенші қаза тапты. Тағы төрт жұмысшы ауруханаға түсті.
Архивтегі сурет  - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.11.2022
Қоғам
Қазақстандағы ең қауіпті шахта: 60-тан астам кенші опат болған
Жаңалықтар
0