Қоғам

Тоқаевтың сынынан кейін "АрселорМиттал Теміртау" шахталары тексеріледі

© SputnikАрселорМиттал Теміртау
АрселорМиттал Теміртау - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2022
Жазылу
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қарайтын барлық шахтада тәуелсіз аудит жүргізіледі. Мұндай шара Ленин атындағы шахтада бес кеншінің өмірін қиған апаттан кейін қолға алынып жатыр.
"АрселорМиттал ТМД" атқарушы вице-президенті Виджай Гоял Қарағандыда өткен баспасөз мәслихатында аудитор-компанияны Қазақстан үкіметі таңдайтынын мәлімдеді.
"Үшінші пункт сырттай бағалауға қатысты. Күні кеше бұл жайлы президент Тоқаев айтты, біз бұл бағытта жұмыс істейміз. Сырттан тәуелсіз сарапшылар тартылады. Олар шахтадағы процедураларды, қауіпсіздік мақсатында қалай пайдалануға болатынын қайта қарайды", - деді ол.
"АрселорМиттал ТМД" атқарушы вице-президенті қаза болған және зардап шеккен кеншілердің отбасыларынан кешірім сұрап, шахталарда қауіпсіздікті жақсартуға уәде берді.
"Қызметкерлер, әріптестер мен жұртшылық алдында кешірім сұраймын. Қазіргі жағдайға мүлде көнуге болмайды. Біз үшін маңызды басымдық – марқұмдардың отбасылары мен жарақат алғандарға қамқорлық көрсету. Менің міндетім – жағдайға жан-жақты, тереңірек үңілу. Біздің қауіпсіздікті жақсарту жөнінде аса маңызды жоспарымыз бар", - деді вице-президент.
Ол Ленин атындағы шахтада барлық жұмыс уақытша тоқтатылғанын нақтылады. Тек нысанның жұмысын қамтамасыз етуге қажетті аса маңызды учаскелер ғана істеп тұр. Ол шахталарда жүргізілетін жұмыстар мен олармен байланысты тәуекелдерді қайта қарауға уәде етті.
Шахтер - Sputnik Қазақстан, 1920, 03.11.2022
Қарағанды ​​облысындағы шахтада қаза тапқандардың аты-жөні жарияланды
7 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнында апат жиілеп, қайталана беретін жағдайға жеткенін мәлімдеді. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 20-дан астам апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапқан. Мемлекет басшысы жедел түрде қатаң шаралар қабылдауды тапсырып, зауыттың жағдайына шынайы баға беретін халықаралық компанияны тартуды ұсынды.
3 қарашада Ленин атындағы шахтада дренаждық ұңғымаларды бұрғылау кезінде кенеттен метан жарылды. Артынан өрт шықты. Апат салдарынан 5 кенші қаза тапты. Тағы төрт жұмысшы ауруханаға түсті.
6 қарашада "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ға қарасты "Казахстанская" шахтасында тағы бір қызметкердің денесі табылды. Марқұм кәсіпорынның көмір департаменті бөлімшелерінің бірінде істеген. Оқиға кезінде жұмысшы қызметтік кезекшілікте болмаған.
Жаңалықтар
0