Экономика

Тоқаев "Қазмұнайгазға" Атырауда үлкен мұнай қоймасын салуды тапсырды

© Photo : АО "КазМунайГаз-переработка и маркетинг"Қазмұнайгаз
Қазмұнайгаз - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2022
Жазылу
Қазақстан мұнай-химия өнімдерінің 95 процентіне жуығын импорттап отыр
АСТАНА, 8 қараша – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазмұнайгазға" Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесін қарастыруды тапсырды.
Мұнай қоймаларын барынша көбейту аса өзекті мәселе болып тұр. Қазір Қазақстан дайын мұнайды бірден экспортқа шығаруға мәжбүр.

"Өйткені, технология сондай. Өндірісті тоқтатып қоюға болмайды. Осы орайда, Қытайдың жақсы тәжірибесі бар. Олар өте үлкен қоймалар салған. Мұнай болмай қалғанның өзінде ішкі нарықты 3-4 ай бойы қамтамасыз етіп тұра алады", - деді Атырау облысына барған президент.

Ол Атырауда үлкен мұнай қоймасын салу мәселесінде "Қазмұнайгазға" экологиялық қауіпсіздік талаптарын сақтауды тапсырды.
"Энергетика министрлігі мұнай өндіретін ірі компаниялармен қойманың құрылысына қатысты келіссөз жүргізуі керек. Мұнай саласындағы еңбек нарығында шұғыл шешуге тиіс мәселелер бар. Келешекте жұмыссыздықтың пайда болуына жол бермеуіміз керек. Үкіметке осы шаруаны шұғыл қолға алуды тапсырамын", - деді мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, аймақтың экономикасын әртараптандыру қажет.
"Атырау облысы мұнай мен газды терең өңдейтін орталыққа айналуға тиіс. Полипропилен өндіретін кешеннің іске қосылуы – осы бағыттағы маңызды қадам. Аймақта мұнай-химия кластерін құрудың бірінші кезеңі осылай жүзеге асырылып жатыр", - деді Тоқаев.

Қазақстан көмірсутегі шикізатының қоры ең көп жиырма мемлекеттің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз мұнай-химия өнімдерінің 95 пайызына жуығын импорттап отыр.
"Бұл – дұрыс емес. Біз ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете аламыз. Тіпті, сыртқы нарықтарға шығуға мүмкіндік бар. Мұнай-химия кәсіпорындары инвестиция салуға өте қолайлы. Әлемде олардың өніміне сұраныс жоғары және бұл сұраныс арта береді", - деді президент.
Сондықтан Атырау облысында "Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі" арнайы экономикалық аймағы құрылған. Онда жұмыс істейтін компанияларға салық және кеден жеңілдіктері берілген.
Жаңалықтар
0