Мәдениет саласында үш байқау жарияланды

CC0 / christoph_mschrd / Иллюстративті фото
Иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 08.11.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 8 қараша – Sputnik. Мәдениет саласында "Ұмай", "Айбоз" және "Дала дауысы" республикалық байқауы жарияланды. Үш байқаудың жалпы жүлде қоры – 135 млн теңге, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
UMAI ұлттық сыйлығының лауреаттары 23 желтоқсанда белгілі болады. Қазір конкурсқа қатысуға өтінімдер қабылданып жатыр.
Жоба "Театр өнері", "Хореографиялық өнер", "Музыкалық-орындаушылық өнер", "Бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер" сияқты 4 номинация бойынша 19 сыйлықты қамтиды. Сонымен қатар балалар жылына орайластырылған "Үздік балалар спектаклі үшін" арнайы жүлде жарияланды.
Қазақстанда жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрайтын тұңғыш "Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығына 7 номинация бойынша өтінім қабылдау жалғасып жатыр. Әр номинацияға 5 млн теңге жүлде беріледі.
Ұлттық әдеби сыйлықта "Үздік поэзия", "Үздік проза", "Үздік драматургия", "Үздік балалар әдебиеті", "Үздік аударма", "Үздік комикс" және "Үздік кітап" номинациялары болады және байқауға отандық жазушылар қатысады.
Ақындар үшін президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге "Проза", "Поэзия", "Драматургия", "Балалар әдебиеті" номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады Сыйлық қоры әр номинацияға –4 млн теңге.
Дәстүрлі, классикалық, эстрадалық және театр өнері жанрларындағы шығармалар мен олардың авторларын қолдау мақсатында DALA DAUYSY республикалық конкурсы жарияланды. Жүлде қоры 46 млн теңгені құрайтын конкурс негізгі үлкен 5 номинация бойынша 16 сыйлықты қамтиды.
"Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, жаңа өнер туындылары авторларын қолдауға бағытталған DALA DAUYSY республикалық конкурсын жариялап отырмыз. Жаңа авторларды елге танытуға, тың туындылардың көпшілікке таралуына, патриоттық әндердің кеңінен насихатталуына серпін беретін конкурс шығармашылық иелерін бей-жай қалдырмайды деп сенеміз", - деді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Жеңімпаздар "Үздік фольклорлық музыка", "Үздік классикалық музыка", "Үздік драматургиялық туынды", "Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы", "Республика әні" (Эстрада жанры), Мәдениет және спорт министрлігінің 2 арнайы жүлдесі номинациялары бойынша 2022 жылдың желтоқсанында марапатталады.
Жаңалықтар
0