Дәрігер: психикалық дерті бар жандарды адам санатына қоспау – сауатсыздық

© Photo : DarkoStojanovicМедицинские принадлежности и документы на столе у врача, иллюстративное фото
Медицинские принадлежности и документы на столе у врача, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.11.2022
Жазылу
АЛМАТЫ, 4 қараша – Sputnik. Алматы қаласында 11 мыңнан астам адам психикалық диспансерде бақылауда тұр, оның 2221-і бала.
Алматы қаласы психикалық сауықтыру орталығының психиатр-дәрігері Рабиға Доланбаева күрделі мамандығының қыр-сыры және адамдар неден сақтануы керек екенін Sputnik Қазақстан тілшісіне айтып берді.
© Photo : Рабиға Доланбаеваның жеке архивіненРабиға Доланбаева
Рабиға Доланбаева - Sputnik Қазақстан, 1920, 04.11.2022
Рабиға Доланбаева
Рабиға Үсерқызы, психикалық ауытқуы бар адамды емдегенде ең бірінші нені ескеру керек?
Ең бірінші олардың сеніміне кіру керек. Сырқат сенгенде ғана сіздің айтқаныңызға көнеді, ем жасауға қарсылық көрсетпейді. Ал сену үшін олармен барынша қарапайым, жылы шырай танытып сөйлесу керек. Псхиатрия сөзі жанды емдеу дегенді білдіреді. Жан немен емделеді? Жылы сөзбен емделеді. Тіпті қастарынан өтіп бара жатып, арқаларын сипап қоямыз, соның өзі оларға үлкен демеу. Жалпы, кез келген жанды дертінен емдейтін мейірім мен жылы сөз. Сырқат жандармен әңгімелесеміз, оларды мұқият тыңдаймыз. Олардың да өз әлемі, өз қуанышы бар. Сол қуаныштарымен бөлісеміз. Жалпы, 25 жылда мені бір де бір психикалық ауытқуы бар сырқат не ұрып, не теуіп, не тістеп көрмепті. Ешқашан ондай жағдай болған емес.
Сырқат адам сіздердің мекемеңізде қанша уақыт емделеді?
Ең аз дегенде бір ай стационарлық режімде емделеді. Сосын диспансерлік бақылауда болады. Бұл әрине сырқаттың деңгейіне байланысты. Аса ауыр сырқат болуы мүмкін немесе ауруы асқынбаған болуы мүмкін.
Ауруханада қандай емдік шаралар жүргізесіздер?
Бізде емделетін науқастардың тек жүйке жүйесі ғана емес, басқа да аурулары болады. Қан қысымы, гипертония, қант диабеті, инсульт, инфаркт ауруы бар сырқаттар көп. Олардың бәріне емді мұқият әрі сапалы жүргізу керек. Егілетін дәрілердің дозасын аз мөлшерден бастап, біртіндеп көбейтеміз.
Тек дәрі-дәрмекпен ғана емдейсіздер ме?
Жоқ, әртүрлі оңалту шаралары да жүргізіледі. Мысалы, біз оларға бос отырмаңыздар, бос жүрмеңіздер, гүл егіңіздер, қаз, үйрек бағыңыздар, жер үйде тұратындарға бақша егіңіздер деп үйретеміз. Бір күні түнде жұмыста отырсам бір емделушім келіпті. Ол ауруханадан шығып, диспансерлік ем қабылдап жүрген. Қолында 4 тал жұмыртқасы бар. Мен сондай қуандым. Жұмыртқаларды сатып алдым. Неге қуандым деңізші, біздің айтқанымыздан нәтиже шығарып, сол кәсіпті өзіне ермек етіп алғаны. Бұл да сауығуға бастайтын жақсы қадамдардың бірі.
Осындай дертке шалдығатындар қанша жастағы адамдар?
Әртүрлі. Бұндай сырқатқа өрімдей жастар да шалдығып жатады. Бірақ ем жақсы жүргізілсе, сондай-ақ жазып берген емді үзбей, тиянақты қабылдаса бұл сырқаттан жазылуға мүмкіндік бар. Біздің ауруханада екі жас жігіт пен бір жап-жас қыз емделді. Үшеуі де сондай сымбатты, әдемі. Ең бірінші кез келген науқасты сөзбен емдеу керек. Оларды еркелету керек, сыйлау керек, аялау керек. Ауруханаға келгендерге мейірім шашсаңыз, олар еш қарсылық көрсетпейді. Жаңағы ауырып келген үш бірдей жасқа да айтып түсіндіріп, емделуге көндірдік. Нәтижесінде сырқатынан құлан-таза айығып кетті. Жақсы қызметтерге тұрды, үшеуі де отбасын құрды. Әлі күнге мерекелерде келіп, мені құттықтап тұрады. Олардың өмірден жолдарын тапқанын көргенімде шаршағаным басылып, осы мамандықты таңдағаныма Аллаға сансыз шүкірлік етемін.
Жалпы, психикалық аурухана туралы жағымды пікір айтылмайды. Не үшін деп ойлайсыз?
Бұл сөзіңізбен келісемін. Психикалық аурухана мамандарына да шағым көп айтылады. Сырқаттарды дер кезінде бізге әкеліп, уақтылы емдетіңіздер десек, туыстары "сіздер дәріні беріп-беріп, өсімдік ұқсатып тастайсыздар, байлап тастайсыздар" деп айтады. Мұндай сөз жүрегімізге өте ауыр тиеді. Бізде бір үлкен қарт ана емделді. Балалары кейін ауруханадан әкетуге келгенде бізге рахметін айтты. "Анамыздың өңі кіріп, қандай жақсы боп қалған" деп балалары сондай қуанып жатыр. Бізге сондай сөзден артық ешнәрсе керек емес.
Жұрт сырқатты бақсы-балгер, молдаларға апарып жатады. Кейін солардың басым көпшілігі молдалардан ем қонбай, туыстарын ауруханаға әкеледі. Аурулары асқынып, қозып бізге бір-ақ келеді. Негізі, біздің қазақтың басты кемшілігі ауруды жасырамыз. "Баласы жынды болыпты демесін, анасы жынды болыпты, не болмаса әкесі жынды болыпты дегенді естімесін" деп барынша бүркемелеп ұстаймыз. Керісінше әу бастан дәрігерге қаралу керек.
Адамдардың психикалық жағдайы өзіңіз еңбек жолын бастаған 25 жыл бұрын қандай еді, қазіргі уақытта қандай?
Қазір адамдарда күйзеліс өте көп. Технологиялық даму заманында адам барынша жанын емдеу керек. Өйткені қайтсем ақшаны көп табам деп жүріп, адамдардың жаны тозып кеткен. Біріншіден, балаларымыз жыламасын деп қолына ұялы телефонды ұстатып отырғыза саламыз. Әсіресе тілі шықпаған, бұғанасы қатпаған нәрестенің қолында кірпіштей-кірпіштей телефондар. Баланың не тілі жоқ, не физикалық дамымаған. Ал жүйке жүйесі не боп жатыр, ол жағын ойлап та қоймаймыз.
Екіншіден, бір-бірімізбен сөйлесуден қалдық. Өміріміз тек ұялы телефонның ішінде өтіп жатыр. Ішіміздегі мұң-зарымызды шығарып айтайық десек, тыңдайтын адам жоқ. Сол себепті адам торығады, жалғызсырайды.
Үшіншіден, қазіргі жастар қиындықты көп көрмеген. Әке-шеше бар тапқанын баланың аузына тосып үйретіп келеміз. Ондай жастар бойкүйез, сәл қиындық болса күйзеліске түсуге дайын тұрады. Сол себепті баланы еңбекке барынша баулу керек.
Рабиға Үсерқызы, алғаш еңбек жолын бастаған сәттегі әсеріңіз қандай болды?
Ең алғаш сырқаты қатты асқынған бір науқасқа бардым. Қасымызға полиция мамандарын ертіп аламыз. Келсек жаңағы сырқаттың қолында балтасы бар. Әрине, қорқыныш болды. Қатты қорықтым, рас. Қолындағы балтасымен жарақаттаса да әлің келмейді ғой. Ондай сырқаттар әсіресе аурулары қозған кезде ешкімге күш бермей кетеді. Науқасты әрең дегенде жедел жәрдемге салып, екі сағаттық жердегі психикалық ауруханаға апардық. Жол бойы ол кісімен сөйлесіп бардым. Ашуы басылып, тынышталып, әңгімесін айтып, тіпті жайдарланып қалды. Ауруханаға келгенімізде ол кісі маған рахмет айтып, еш қарсылықсыз емдеуге келісті. Менің ең алғашқы еңбек тәжірибем осылай басталды.
25 жыл деген аз жыл емес. Жұмыстан шаршап, "басқа салаға кетемін" деп қолды бір сілтеген кезіңіз болды ма?
Психикалық ауруы бар жандармен 25 жыл бірге жүрсем де, мен осы мамандықтан шаршадым деп айтып көрмеппін. Сонау 90-шы жылғы тоқырауда да осы мамандықтан бас тартпаппын. Кетем деген ой да болмапты. Сол жылдары бір жылда бір рет қана 800 теңге еңбекақы аламыз. Етігіміз жыртылып, аяғымыз су болып, киер киіміміз болмай жүрсе де, біз күнделікті жұмысымызға келіп, өзімізге жүктелген міндетті атқардық.
Өкінішке қарай, психикалық ауруы бар адамды қоғам жылы қабылдай қоймайды. Сырт айналып қашады. Тіпті, сондай науқас туысы бар жандарға мүсіркей қараймыз. Біздің қоғам психикалық ауырған жандарды адам санатына қоспай тастайды. Бұл біздің рухани сауатсыздығымыз деп білемін. Өйткені, олар да адам. Біз соны түсінуіміз керек.
Жаңалықтар
0