Қоғам

Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

© AP Photo / Pavel MikheyevАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 01.11.2022
Жазылу
Күздің соңғы айында қазақстандықтарды бірқатар өзгеріс күтіп тұр. Солардың ең маңыздысы – кезектен тыс президент сайлауы
АСТАНА, 1 қараша – Sputnik. Президент сайлауы, жеңілдетілген автокредит, жаңа ипотекалық бағдарлама, тікелей әуе рейстері – осы және өзге де өзгерістер туралы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Қазақстандықтар жеті жылға президент сайлайды

Осы айда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Халық 20 қарашада өз президентін таңдайды.
Айта кетері, Конституцияға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, мемлекет басшысы жеті жылға және тек бір мерзімге сайланады.
Сайлауға алты кандидат түседі:
Қасым-Жомарт Тоқаев (Халықтық коалиция атынан);
Мейрам Қажыкен ( "Аманат" республикалық кәсіподақтар бірлестігі);
Жигули Дайрабаев ("Ауыл" партиясы);
Қарақат Әбден ("Кәсіби әлеуметтік жұмысшылар ұлттық альянсы" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Салтанат Тұрсынбекова ("Қазақ аналары – дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі);
Нұрлан Әуесбаев (Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы).
Биыл алғаш рет президент сайлауының бюллетеніне "Бәріне қарсымын" тармағы қосылып отыр.

Астана мен Павлодарды жалғайтын тікелей рейс

1 қарашадан бастап Астана-Павлодар бағытында тікелей әуе рейстері ашылады. Әлеуметтік маңызы бар бағдарды Qazaq Air әуе компаниясы іске қосады.
Рейстер аптасына төрт рет орындалады. Билет құны – 10 мың теңге.

Жеңілдетілген автокредит қайта беріле бастайды

Жеңілдетілген автонесиелерді өтеу аясында түскен қаражат жинақталып, қараша айынан бастап жылдық 4%-пен қайтадан кредит түрінде беріледі.
"Айналмалы қорлар түсе бастады. Менің ойымша, айналым қаражаты қайтадан бағдарламаға енгізіліп, қаржыландыру қарашаның бірінші жартысында ашылады. Қараша айынан бастап жыл сайын 2 мың көлік болады", – деп мәлімдеген еді "Өнеркәсіпті дамыту қоры" төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров.
Бірінші қыркүйектегі жағдай бойынша 13,5 мыңнан астам кредит мақұлданып, 11 мыңнан астам автокөлік берілген.

Жүргізуші куәлігін алуға қатысты жаңа өзгеріс

Жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексерістен өту ережелері өзгерді.
Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, медициналық анықтаманы енді екі жолмен – медициналық ұйым және электронды үкімет порталы арқылы алуға болады. Бұйрық бірінші қарашада күшіне енеді.
Медициналық мекеме анықтаманы бір жұмыс күні ішінде берсе, электронды порталдан 30 минутта алуға болады.
Көлік жүргізуге рұқсат алу үшін №073/у нысанындағы медициналық анықтама беріледі.

"Алатау жастары" бағдарламасы

Алматы облысының жастары 1 қарашадан бастап жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтініш бере алады. Жеңілдетілген ипотека 35 жасқа дейінгі тұрғындарға беріледі.
Бағдарламаның негізгі шарты – өтініш беруші Алматы облысының тұрғыны болуы керек. Сонымен қатар осы өңірде ресми жұмыс өтілі бір жылдан кем болмауға тиіс. Оны міндетті түрде зейнетақы жарналары көрсетілген құжатпен растауы қажет.
Қарыздың шекті сомасы – 10 млн теңге. Егер үйдің құны 10 млн теңгеден асып кетсе, үміткер айырмашылықты өз қалтасынан төлей алады.
Бағдарлама аясында жаңа тұрғын үй рәсімделсе, алғашқы жарна 0% болады. Ал егер қолданыстағы үйді сатып алса, 10% бастапқы жарна құю қажет.
Ипотеканың сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 5%. Несие 19 жылға беріледі.

Емханаға тіркеу науқаны аяқталады

15 қарашада бастапқы медциналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдарға тіркеу науқаны аяқталады.
Дәстүрлі науқан кезінде емхана ауыстырған азаматтар осы медициналық ұйымның қызметін келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Ал жыл соңына дейін бұрын тіркелген емдеу мекемесінің қызметіне жүгінеді.
Емханаға үш әдіспен тіркелуге болады:
өзіңіз таңдаған медициналық ұйымға барып, өтініш жазу;
электронды үкімет порталы арқылы;
халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беру.
Egov порталы арқылы тіркелген кезде өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Жауабы жеке кабинетіңізге келеді.
Емханаға тіркелу науқаны елімізде 15 қыркүйектен бері жүріп жатыр.

Металл сынықтарын елден әкетуге тыйым

2 қарашадан бастап металл сынықтары мен қалдықтарын Қазақстан аумағынан шығаруға тыйым тағы жарты жылға ұзарады. Көліктің барлық түрімен металл қалдықтарын әкетуге тыйым салынады.
Қазақстанда қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын әкетуге тыйым шикізат тапшылығын сезініп отырған отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында енгізіліп отыр.
Жаңалықтар
0