Лула да Силва Бразилияның президенті болып сайланды

© AP Photo / Andre PennerЛуис Инасиу Лула да Силва
Луис Инасиу Лула да Силва - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Бразилиядағы президент сайлауында солшыл Еңбекшілер партиясының негізін қалаушы, экс-президент Луис Инасиу Лула да Силва жеңіске жетті, деп хабарлады Euronews.
Жоғарғы сайлау сотының қорытындысы бойынша оған сайлаушылардың кем дегенде 51 пайызы дауыс берді.
Жексенбі күні Бразилияда президент сайлауының екінші кезеңі өтті. Дауыс санау басталған сәттен бастап лидерлікті қазіргі мемлекет басшысы Жаир Болсонару қолына алды, бірақ процесс алға жылжыған сайын Лула да Силва оның өкшесін басып отырып, ақыр соңында алға шықты. Болсонару шамамен 49 пайыз дауысқа ие болды.
Да Силва өзінің сайлауалды науқанында жалақыны жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары индексациялауға, кедей отбасыларға төленетін төлемдерді көбейтуге және тұрмысы төмен халық үшін салықты қайта қарауға, сондай-ақ жұмыспен қамтуды ынталандыруға уәде берді.
Да Силва алғаш рет 2002 жылы президенттік лауазымға кірісіп, төрт жылдан кейін қайта сайланды. 2011 жылдың 1 қаңтарында президенттік өкілеттікті Дилма Русефке тапсырды. Президенттік мерзімі аяқталғаннан кейін Лула да Силва "Азаматтық институтында" жұмыс істеп, дәріс оқыды.
2017 жылдың 12 шілдесінде сыбайлас жемқорлық және ақшаны жылыстату ісі бойынша ол 9,5 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылдың қарашасында бостандыққа шықты. 2021 жылдың наурызында Бразилияның Федералды Жоғарғы соты оған тағылған барлық айыпты алып тастады.
Жаңалықтар
0