Ақмола облысында ұрлықты ашу кезінде жасырын цех анықталды

© Photo : ТОО "Тау-Кен Алтын" Алтын түйіршіктері, архивтегі фото
Алтын түйіршіктері, архивтегі фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 31.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 31 қазан – Sputnik. Степногорск қаласында ұрлық фактісін тергеу кезінде заңсыз алтын өндіру цехы анықталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қалалық полиция басқармасына 36 жастағы әйел арызданып, үйінен алтын бұйымдардың ұрланғанын айтты. Жалпы сомасы – 793 400 теңге. Жедел іздестіру шаралары барысында бұрын бірнеше рет сотталған 47 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Одан екі алтын алқа тәркіленді. Күдікті басқа алтындарды балқытып, аффинаж түрінде тапсырып жібергенін жеткізді.
Содан полицейлер облыс орталығынан келген әріптестерімен бірге арнайы операция өткізіп, Volkswagen Touareg маркалы көлік мінген 49 жастағы ер адамды ұстады. Оны тінту кезінде 1 193 500 теңге және сары түсті ұнтақ зат салынған екі пластикалық бөтелке тәркіленді. Ал Ақсу кентіндегі шаруашылық құрылысынан екі ұсатқыш станок (шынжырлы және жұдырықшалы), бір жуғыш, құрамында алтын бар металл ванна, бір шойын ванна, құрамында алтын бар материал салынған 31 қап және электронды таразы табылды.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 295-1-бабы 1-бөлігі (Бағалы металдар мен асыл тастардың, құрамында бағалы металдар бар шикізат тауарларының заңсыз айналымы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бұл қылмыс үшін 200 айлық есептік көрсеткішке (636 000 теңге) дейінгі мөлшерде айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарын, я болмаса, 200 сағатқа дейінгі қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазасы қарастырылған.
Жаңалықтар
0