Қоғам

Тіл үйрету курстары және түбіртек: алаяқтар жұртты алдаудың жаңа жолын тапты

© Sputnik / Рамиль Ситдиков / Медиабанкке өтуАрхивтегі сурет
Архивтегі сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 30.10.2022
Жазылу
Қаржы алаяқтарының халықты алдау әдістері күн өткен сайын түрленіп, көбейіп барады. Қаскөйлер оңай жолмен ақша табу үшін, тіпті, жалған тіл үйрету курстарын да ойлап тапты. Олардың арбауына түсіп қалмау үшін жаңа алаяқтық схемаларымен таныс болыңыз.
Жалған тіл үйрету курстары
Қаржы пирамидалары әлеуметтік желі арқылы тіл курстарына шақыру жібереді. Шет тілдерін оқытудан бөлек, олар клиенттерге серіктестік бағдарламаларын ұсынады. Бағдарламаның міндетті шарты – өзің пайдалануға немесе сату мақсатында компанияның өнімін сатып алу. Бірақ бұл үшін белгілі бір қызметтер пакетіне ақша құю қажет. Серіктестік бағдарламасын ең көп сатқан және адам тартқан ең белсенді қатысушыға жоғары сыйақы немесе автокөлік уәде етіледі.
Осындай жалған тіл курстарына алданып қалмау үшін күмәнді компаниялардың ұсыныстарынан бас тарту керек. Ақшаңызды бере салмай, ең алдымен, компания туралы, қашаннан бері жұмыс істейді, лицензиясы бар ма, барлық мағлұматты жинап, танысып шығыңыз. Компанияның қызметіне көңілі толмай, теріс пікір жазған адамдар көп болса, дұрыстап ойланған жөн. Өйткені бұл кезекті қаржы пирамидасы болуы әбден мүмкін.
IPO туралы жалған жарнама
Соңғы кездері қазақстандық ірі компаниялардың атын жамылып, жұртты алдайтын алаяқтар көбейіп кетті. Әсіресе, Youtube-те алаяқтардың отандық компаниялардың IPO-сына қатысуға шақырған жарнамалары жиі кездеседі.
Жалған жарнама мен бейнероликтер "Мемлекеттік бағдарлама бойынша елдің ұлттық байлығынан төлем алу мүмкіндігіне ие болыңыз!", "Сілтеме арқылы тіркеліп, дереу төлем алыңыз!" деген сыңайлы үндеулерге толы.
Алаяқтар өз жарнамасына барынша көп адамды сендіру үшін танымал тұлғалардың аты-жөнін, суреті мен видеосын пайдаланады. Олардың арасында Қазақстан президенті, ұлттық компаниялар мен қаржы ұйымдарының басшылары, қоғам белсенділері бар. Қылмыскерлер түпнұсқа аудиожолдарды ауыстыра отырып, интернетте тараған бейнероликтерден үзінді кесіп пайдаланады.
Арам ойы жоқ аңқау азаматтар жарнамаға сеніп, өз жеке мәліметтерін – e-mail мен телефон нөмірін қалдырады. Осыдан кейін алаяқтар оларға қоңырау шалып, әлеуметтік инженерия тәсілдерімен алдап-арбауға кіріседі. Мақсаты – азаматтардың банктік реквизиттерін қолға түсіру. Өз мақсатына жеткен соң алаяқтар шоттан ақша шешіп, кредит рәсімдей алады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары түсініксіз сілтемелерді басуды немесе бейтаныс адамдарға ақша аударуды ұсынған кезде мұқият әрі сақ болуға кеңес береді.
Коммуналдық қызмет ақысын немесе салық төлеу туралы жалған түбіртек
Бұл схема қалай жұмыс істейді? Қаскөйлер адамдарға банктен коммуналдық қызмет ақысын немесе салық берешегін төлеу туралы хабарлама жібереді. Адамдар білместікпен автоматты түрде шотты төлейді, бірақ ақша тиісті жеріне емес, алаяқтардың қалтасына түседі.
Сол себепті егер сізге түбіртек күмәнді көрінсе, бірден төлем жасауға асықпаңыз. Ең алдымен оны түпнұсқамен тексеріп алған жөн. Ең дұрысы коммуналдық немесе салық қызметіне қоңырау шалып, хабарламаны шынымен солар жіберіп-жібермегенін нақтылау қажет.
Жаңалықтар
0