"Банктерге халықты қарыздан босатқан тиімсіз": кредит кешіріле ме?

© Sputnik / Наталья Селиверстова / Медиабанкке өтуПроцент белгісі
Процент белгісі - Sputnik Қазақстан, 1920, 29.10.2022
Жазылу
АСТАНА, 29 қазан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысына сапары кезінде кредиттің кесірінен қарызға белшесінен батқан қазақстандықтардың көп екенін айтып, таяу арада осы мәселе бойынша өз ұсынысын жариялайтынын мәлімдеді. Ал астанада өткен жиында "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңға тоқталды. Бұл құжат халыққа артық қарыздан құтылуға көмектеседі. Дегенмен осы бағытта басқа да шараларды ойластырып жатырмыз деді. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген сарапшылар кредитті азайтуға қатысты өз ойын ортағасалды. Президенттің қандай ұсыныс жасайтынын да болжап көрді.

Қарызды кешіруге бола ма?

Тоқаевтың кредитке қатысты ұсыныс жасаймын деген сөзінен кейін халық арасында "тағы қарызды кешіреді" деген әңгіме желдей есті. Әзірше нақты ұсыныс болмаса да, желіде бір-бірінен сүйінші сұрап жатқандар аз емес. GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат Халықтың ойынша, кредитті кешіру шарасы қайта қолға алынбайды.
"Өйткені үш жыл бұрын болған амнистия керемет бір нәтиже берді деп айта алмаймыз, керісінше, әлеуметтік шиеленіске алып келді. Халық арасында кредиттің бәрін кешіру керек деген талап қоятындар көбейді. Сондықтан амнистия болмайды. Ол анық. Бұл мәселе "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заңның аясында жүзеге асады деп ойлаймын", - дейді Халық.
Сарапшының айтуынша, заң қабылданған жағдайда кредит төлеу мерзімін кейінге шегеруге болады.
"Осы заңға қатысты ұсыныстарды көрдім. Заңның нақты қандай болатынын қабылдағаннан кейін білеміз. Бірақ ұсыныстар кезінде бір тармақ болды. Оған сәйкес, адамның қарызы проблемалық кредитке айналса және оны қайтара алмаған жағдайда өзін банкрот деп жариялай алады. Сот шешімі де қажет емес. Ол азаматтарға бес жылға дейін уақыт беріледі. Сот орындаушысы да, коллектор да мазаламайды", - деп атап өтті экономист.
Борышкер бес жылдың ішінде материалдық жағдайын жақсарта алады. Одан кейін қайтадан кредитті қайтару кестесі жасалып, қарызды төлеу жалғасады.
"Ал материалдық жағдайын жақсарта алмаса, онда ол қарызды ешкім сұрамайды деген бір бөлім болған. Егер осындай тармақ жүзеге асатын болса, онда біраз адам қарыздан құтылады", - деді Халық Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.

Мәселе кредитте емес

Қаржыгер Расул Рысмамбетов те кредиттік амнистия тиімсіз деп санайды. Алдымен кредитті алу рәсімін барынша қиындату қажет. Сонда адамдар не болса соған кредит ала бермейді.
"Кредитті көп алу проблемасына үңілсек, оған тұрмыстық кредиттер ғана кірмейді. Әлеуметтік ипотеканы да қарастыру керек. Мысалы, біреулер ондай ипотекаға айына 150-200 мың теңге және одан да көп төлейді. Ал кез келген ипотека ақшаны сорады ғой. Үйді жөндеу керек, одан кейін жиһаз, техника алады. Өкінішке қарай, оны да кредитке рәсімдейді. Сондықтан халықтың кредитті көп алуы бұл проблема емес, ол – проблеманың салдары. Адамның табысы аз болғасын кредит алады", - дейді Рысмамбетов.
Оның айтуынша, әлеуметтік ипотеканы тек әлеуметтік жағдайы төмен адамдарға ғана беру керек. Әйтпесе, бәрі бірдей ала берсе, инфляциялық цикл басталады. Сұраныс көбейеді. Соның нәтижесінде жылжымайтын мүліктің бағасы өседі. Ал үйге ақша жинаған адамдар сан соғып қалады.
"Мен Тоқаевтың қандай шешім қабылдайтынын білмеймін. Бірақ ол жалпы проблеманы біліп отыр. Алайда шешім оның алдына қойылған құжаттардың негізінде қабылданады. Президенттің үстеліне амнистия туралы ұсыныс та түсуі мүмкін. Бірақ одан да жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң дұрыс сияқты. Қалай болса да, банктер қатты алаңдап отырған шығар. Өйткені оларға халықты қарыздан босатқан тиімсіз", - деп атап өтті сарапшы.
Ал экономист Меруерт Махмұтова жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң адамның құқығын шектейді деп ойлайды. Онымен проблема шешілмейді.
"Ол заңның экономикалық және әлеуметтік салдары бар ғой. Сосын адамның құқығы шектеледі. Себебі банкрот болғасын кредит ала алмайды. Бірақ қарызға белшесінен батқан адамдардың мәселесін шешу керек. Әсіресе, тұтынушылық кредиттер көбейіп кеткен. Оның себебі де белгілі, адамдардың табысы төмен. Содан кредитті көптеп алады. Экономиканы жақсартып, халықтың табысын көтермей, мәселені шеше алмаймыз", - деді Махмұтова.
Жаңалықтар
0